2016 жылы «СК-Фармация» еліміздің 1 115 денсаулық сақтау ұйымдарына барлығы 114 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 958 атауын жеткізді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы хабарлады.
Ағымдағы жылға республиканың денсаулық сақтау ұйымдарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуді Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС мерзімінен бұрын 100% көлемде аяқтады.
«Барлығы 2016 жылы «СК-Фармация» еліміздің 1 115 денсаулық сақтау ұйымдарына барлығы 114 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 958 атауын жеткізді. Оның ішінде отандық өндірушілерден, соның ішінде ұзақ мерзімді шарттар бойынша 25,2 млрд теңгеге; тікелей шарттар бойынша шетелдік өндірушілерден аналогы жоқ препараттарды - 16,7 млрд теңгеге; тендер шеңберінде 71,9 млрд теңгеге сатып алынды», - деп хабарлады компанияда.
Сондай-ақ, «СК-Фармация» атап өткендей, мемлекет бюджетінің 5,4 млрд теңгесі үнемделді. Бірыңғай дистрибютердің 7 жылдық қызметі барысында жалпы үнем - 41,9 млрд теңгені құрады.
Айта кетерлігі, «СК-Фармация» ЖШС-нің тарихында тұңғыш рет 2017 жылдың тендерлері алдын ала өткізілді. Өнімдердің 90% бойынша жеткізушілермен келісім-шарт жасалды. Бірыңғай дистрибьютор 2017 жылдың бірінші жеткізілімін осы жылдың желтоқсанында жүзеге асыруға дайын.
Сонымен бірге, 2016 жылы компанияда логистиканың жаңа әдістері енгізілді. Оның негізгі ерекшелігі – медициналық ұйымдарды келесі айда дәрілермен қамтамасыз етуді ағымдағы айдың 15-не дейін жүзеге асыру.