- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2016 жылдың соңына...
2016 жылдың соңына дейін Ақтау-Бейнеу автожолында қозғалыс ашылады
2016 жылы Қазақстанда Ақтау-Бейнеу учаскесінің барлық бөлігінде қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "massaget.kz" порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ИДМ мәліметінше, құрылыс жұмыстарына 2 400 адам тартылған, оның 59-ы шетелдік маман. Құрылыс материалдарының 85% Қазақстанда шығарылған. Атап айтқанда, битумды - «Каспи Битум» ЖШС-і (Маңғыстау облысы), цементті – «Каспи Цемент» ЖШС-і (Маңғыстау облысы) өндіреді. Ал темір-бетон бұйымдары Ақтөбе мен Алматыда жасалған.
Естеріңізге салсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қашықтығы 470 шақырым болатын «Бейнеу-Ақтау» автомобиль жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның 100 шақырымы республикалық бюджет есебінен жасалып жатса, қалған 370 шақырым жолдың құрылысы Азия даму банкі (АДБ) мен республикалық бюджет арқылы қаржыландырылады.
Жобаны жүзеге асыруда Азия даму банкінің займ қаржысы есебінен 2 учаскеде жұмыс жүргізілді. Бірінші учаске Шетпе – Разъезд №10 бойынша 200 шақырым және Сай Өтес – Манашы ө. учаскесі бойынша 2014 жылдың соңында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған болатын.
Ақтау – Шетпе екінші учаскесі бойынша қашықтығы 170 шақырым болатын жолды қайта жаңғырту жұмыстарын «ДженгизИншат» (Түркия) мердігер ұйымы 2015 жылы бастаған еді. Бұл жұмысты Австралияның «СМЕК Интернэшнл» компаниясы «Сапа СЗ» ЖШС қауымдастығымен бірге бақылауда. Автожол құрылысын 2017 жылы толық аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда 145 шақырым жолдың асфальтті бетон жабынының төменгі қабаты төселді. Сонымен қатар, екі көпір мен үш жол өтпесінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
T. Кіршібаев