- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2009 жылдан бері...
2009 жылдан бері "Дипломмен ауылға" жобасы бойынша қанша қаржы бөлінген?
Бұған дейін "Дипломмен ауылға" жобасы жиі айтылатын. Кейінгі жылдары бұл жоба бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? 2009 жылдан бері қанша қаржы бөлінді. Министрлік Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берді.
- "Дипломмен ауылға" жобасы бойынша қандай әлеуметтік көмек қарастырылады?
Жоба шеңберінде 345 мың теңге (100 АЕК) біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 0,01 пайыз мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 жылға дейінгі мерзiмге 5,2 миллион теңгеден (1 500 АЕК-тен ) аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді.
- Жоба басталғаннан бері қанша көлемде көмек көрсетілген?
Жобаны іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2022 жылға дейін) 95 мыңнан аса маман 17 миллиард теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 45 мыңнан аса маман тұрғын үй сатып алу үшін 142,5 миллиард теңге сомасында бюджеттік кредит алды. Биыл 3,8 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 миллиард теңге көзделген.
- Мамандықтар бойынша айырмашылық қандай?
Білім беру саласына 66,3 мыңнан аса адам (69,3 пайыз), денсаулық сақтау саласында 20,6 мың адам (21,5 пайыз), мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 5,2 мың (5,5 пайыз), агроөнеркәсіптік кешен салаларына 3,2 мың адам (3,3 пайыз) тартылған. Бұл ретте өсім мамандар қажеттілігінің нақты санына негізделген.
Министрлік мәліметінше, ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар (облыстық маңызы бар қала) сұранысқа ие мамандықтар тізімін жасайды.
"Жоба аясында жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша міндеттеме жоқ, жобаны іске асыру үлкен кадр тапшылығы бар шалғай ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға бағытталған", - делінген Ұлттық экономика министрлігі жауабында.
Айта кетейік, "Дипломмен ауылға" жобасының негізгі мақсаты - ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды қолдау. Бұл жоба бойынша әлеуметтік қолдау шараларын алудың негізі шарттарына мыналар жатады: құжаттарды тапсыру кезінде көрсетілетін қызметті алушының дипломға сай маман болуы және өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі, сондай-ақ, осы ауылдық елді мекенде тұруы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова