Z - ұрпақ - олар кімдер және бұл әлемді қалай қабылдайды? Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты қалай береміз? Осы тақырыпта психолог Серікгүл Сәли баласымен түсінісе жүрген ата-аналарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұрпақтар уақыт өткен сайын өзгереді. Мәселен, X ұрпағына 1963-1984 жылдары дүниеге келгендер жатады. Ал Y немесе миллениумға 1981- 2000 жылғылар кіреді. XXI ғасыр басталғалы өмір сүріп жатқандар - Z ұрпағы. Бұл ұрпақтар санатының жастары географиялық орынға байланысты сәл-пәл өзгеруі мүмкін.
ХХІ ғасырдың ұрпағы "центениалдар", "z ұрпағы" немесе "homelanders" деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда "centennial" жүз жылдық дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, центениалдар - бұл биотехнологияның белсенді дамуына байланысты шамамен 100 жыл өмір сүретін адамдардың ұрпағы.
Мамандар "қазіргі 2000 жылдан бері қарай туған ұрпақ үшін материалдық құндылық маңызды. Олар үшін идеология, жердің тұтастығы, жер және тіл мәселесі маңызды емес" дейді. Солай ма?
"Бұл – шындық. Себебі, 2000-жылдан бері қарай өсіп келе жатқан ұрпақ интернет әлемін көріп өсті. Оларды бір ғана ұлт, бір ғана отбасы тәрбиелеген жоқ, бүкіл ел тәрбиеледі. Яғни, тұтас әлем тәрбие берді. Сондықтан Z ұрпақта бір ұлтты басқа ұлттан артық көру, біреуді біреуден кем көру деген сияқты түсінік жоқ. Олар үшін бәрі бірдей, өйткені әлем тұтас боп көрінеді. Онымен қоса, z-терде (Z – ұрпақ) елді қорғау, бір елді бір елден артық көру деген де көзқарас жоқ. Байқауымызша, үлкен кісілер осы бір жас ұрпақты түсіне бермейді. Өйткені егде ұрпақ қозғайтын жер және тіл мәселесі z ұрпақ үшін маңызы жоқ", - дейді психолог.
Маманның сөзінше, Z ұрпақ бәрін салыстырып, шындыққа тура қарай алады.
"Мәселен, олар тек қазақ тілінде сөйлеп, контент түсірсе, шағын аудитория жинайтынын, ал орыстілді аудитория жинаса одан көбірек дамитынын жақсы түсінеді. Ал, ағылшын тілі ол ұрпақ үшін - әлеммен байланысу құралы. Өміріндегі ең маңызды бірден бір тіл. Бұл көзқарас бала кезінен интернет арқылы қалыптасқан. Жалпы, адамның көзқарасы бала кезінде отбасында қалыптасады да, кейін сол көзқараспен өмір сүреді. Ал, мына ұрпақтың жайына келер болсақ, отбасымен қоса, интернет әлемі, яғни әлеммен тілесіп, тәрбиеленген.
Ата-ана баласымен әлеуметтік желілер арқылы жиі сөйлесуі керек. Өкінішке қарай, мұндай ата-аналардың қарасы аз. Егер үйдегілері баласының қызығушылығын ескеріп, әлеуметтік желі арқылы (эмоциялық) байланыс жасаса ғана, тұтас әлемнің тәрбиесінен биік тұра алады. Онымен қоса, сондай байланыс арқылы балаға өз көзқарасын түсіндіріп, ұлттық құндылыққа баулиды. Ол үшін баламен сөйлесуге уақыт бөлуге тиіс. Өз балаларымды тәрбиелеу барысында мен осыған көз жеткіздім", - дейді Серікгүл Сәли.
Ол ұрпақтар қақтығысы әрдайым болғанын айтады.
"Қазіргі ұрпақтар арасындағы алшақтық өте үлкен. Маған "балаларымды мүлдем түсінбей жүрмін" дейтін шағыммен адамдар жиі келеді. Мысалы, кейде ата-анасы ешқандай жаңа өмірден хабары жоқ, ескі көзқарастағы адамдар болады, ал баласы керісінше, өте заманауи әрі ақылды отбасылар көмекке жүгінеді. Осыдан қарап-ақ ұрпақтар арасында қақтығыс барын көре аламыз . Баласын білімі жоғары мектепке беріп, үздік жоғары оқу орнына оқытқан ата-аналар балаларын тыңдата алмай жүр.
Себебі, әке-шешесінің көзқарасы тым ескі, тіпті екі сөзін құрап сөйлеседе баласына қызық емес. Мұның салдары "менің балам мейірімді емес", "жанашырлығы жоқ" дейтін шағымдарға әкеледі. Меніңше, мұндай балалар көп өсіп келе жатыр. Ата-ана баласын түсіну үшін әркез бірінші қадам жасауы керек. Бұрынғы кезде бір идеология жұмыс істеп тұрды. Балалары қайда барса да ата-анасына қайтып келетін, алайда қазір ондай заман емес. Жалпы, ұрпаққа ұлттық құндылықтар, әсіресе тарих үйдегілері арқылы берілетін дүние", - дейді психолог.
Сондай-ақ Серікгүл Сәли неге ұрпаққа арналған тарих пәні тек позитивті бағытта оқытылуы керегін түсіндірді.
"Бізде мектептегі тарих пен үйдегі айтылатын құнды әңгімелер дұрыс берілмейді. Сондықтан ұрпағымыз біздің әңгімеден қашады. Тарих оқулығында негатив көп жазылады. Онда "басқа ұлттар бізді қырып, жерімізді тартып алған" деген сияқты ақпараттар айтылады. Жалпы, тарих әртүрлі дереккөзден берілуі тиіс. Оның ішінде позитив көп болуы керек. Тарих шындықты емес, ұрпақ тәрбиесіне керек позитивті көздеу керек. Қазіргі кітаптағы мазмұн "маған мақтан тұтатындай тарих берілмесе, мен ол елдің ұрпағы болғым келмейді" деген жастардың ойына саяды. Мұндай позитивті тарихты ұрпаққа жеткізу техникасын америкалықтар мен еуропалық елдер өте жақсы меңгерген. Олар өздерінің ұрпақтарына ата-бабаларының қандай мықты болғанын, қандай өркениетке үлес қосқанын әдемі жеткізіп жүр. Солардың тарихын біздің ұрпақ көріп алып, сол елде, сол жақта өмірін жалғастырғысы келеді", - дейді маман.
Отбасында тарих қалай айтылуы керек?
"Үйдегі тарих – әкеден басталады. Әкем туралы анам қандай ақпарат айтады? Мысалы, "Әкең онбаған", "ол жаман адам" немесе "атаң осындай" деп шаңырақта жиі айтылса жас ұрпақта "мен осындай адамдардың ұрпағы болғым келмейді" дегендей ой келеді. Сол үшін ата-ана ойын тазалауы керек. Сондықтан тарих мотивациялық бағытта айтылған жөн. Кез келген кезеңде ұрпақ жақсы адамға және батыр адамға ұқсап өскісі келеді. Біз ұрпағымыз ұқсағысы келетіндей адамды өз ұлтымыздан, өз әулетімізден бере алатын болсақ, бала соған еліктейді. Мұндай идеологияны жүргізе алмай отырған кезде жастарды өзге елдердің контенті тәрбиелеп жатыр. Америкада өткен ғасырда ондай батыр болған жоқ, сондықтан комикс ойлап тапты. Қазір әлемнің жартысы сол комикстегі батырларға қарап өскісі келеді", - дейді ол.
Жасұлан Ордабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!