Алматы облысы прокуратурасы Бесағаш ауылының мектебінде болған жағдайға қатысты тиісті тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізді. Білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне дейін шара қолданылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Өткен демалыста 4-сынып оқушысы қатарластарының қысымынан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болып, бір уыс дәрі ішкен болатын. 10 жастағы бала тіпті хат жазып, онда өзіне күн көрсетпейтін ұлдардың есімін атаған.
"Шашымды кесті. Қылғындырды. Дәретхана суына малынған кәмпитті жегізді". Дәрігерлер дер уақытында өмірі үшін арпалыспағанда, бұл басынан өткен сұмдықты баяндаған Саяттың соңғы хаты болар еді. Баланың анасы Әсем Биғалиева шыбын жаны аман қалған баласын қазір қасынан шығармай, үйінде шыр айналып қорып жүр.
"Киіміне дейін жыртқан. Бір сөзбен айтқанда, сыныптастары әбден мазақ қылған. Оның айтқанына ешкім сенбегендіктен, қысымға шыдамай дәрі ішкен. Жексенбіде ауруханада болдық. Қазір балам шошып қалған. Ешкіммен сөйлеспейді. Тамақ ішпейді. "Анашым, ешқайда кетпе" деп жалынады. Прокуратура, полицияға жазған арызымды қайтарып алу үшін директор ақша ұсынды. "200 мың теңге беремін" деді. Бірақ мен бас тарттым", - деді баланың анасы.
Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №29 мектеп директоры Саяттың зәбір көруі мүмкін емес деп басын шайқайды.
"Бала атап отырған екі баладан да сұхбат алдық. Балалар ондай жағдай болған жоқ деп айтып отыр. Содан кейін мектеп бейнебақылау камераларын қарадық. Үшеуі бірге әжетханаға кірген емес. Камерада көрінер еді ғой, үшеуі бірге кіріп кетсе. Өзінің бірге оқитын 4-сыныптың екі баласы деп атап тұр. Бірақ дәлел жоқ боп тұр", - деді Бесағаш ауылы №29 мектептің директоры Назым Сәрсенбаева.
Директор арызды қайтарып алу үшін 200 мың теңге ұсынғанын мойындаған жоқ. Бұл жағдайды енді арнайы құрылған комиссия анықтайды.
"Оқу-ағарту министрлігінің Алматы облысы білім басқармасының өкілдері бұл мектепке жедел жетті. Қазір жағдайдың анық-қанығы анықталып жатыр. Бұл оқиға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Бала құқығын қорғау комитетінің тікелей бақылауында", - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Бала құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жібек Нұржан.
Әсем Биғалиеваның жазған арызы аудандық полиция бөлімінде де тіркелген. Құзырлы орган істің ақ-қарасын ажыратады.
"Тексеру барысында кәмелетке толмаған баланың үйінде 10 талға жуық дәрі ішкені анықталды. Қазір істің мән-жайын толық және жан-жақты, объектив зерттеу үшін сараптамалық тексерулер тағайындау мен барлық қажет тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданатын болады", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Бір жарым жыл бұрын жарынан айырылған Әсем Биғалиева жалдамалы үйде тұрады. Кенже қызы мүгедек.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!