Сенатор Марат Қожаев журналистерге Шерзат Болаттың әкесінің 15 тәулікке қамалуы мен оған қатысты іс бойынша түсініктеме берді. Оның айтуынша, келтірілген шығын көлемі қылмыстық істің қозғалуына себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Полиция оның әрекетін зерттеп, келтірілген залалдың сомасын анықтады. Егер шығын 200 АЕК-тен (738 400 теңге) асып кетсе, іс қылмыстық сипат алады. Мұның барлығы тергеу нәтижесіне байланысты шешіледі", - деді сенатор.
Қожаевтың сөзінше, әкімшілік іс барысында құқық қорғау органдары айыпталушының әрекеттерін зерттеп, оқиғаның мән-жайын анықтаған. Келтірілген зиян көлемі мен оның әсері сот үкіміне негіз болған.
"Ол көліктің дөңгелегін кесіп тастаған ба, басқа әрекет жасады ма - оны өзім көрген жоқпын. Бірақ келтірілген зиян заңды зерттеулер арқылы анықталды", - деді ол.
Сенатор сот шешімінің заңға сай және объективті түрде қабылданғанын алға тартты.
"Адам заң бұзса, ол жауапқа тартылуы керек. Заң бәріне ортақ. Бұл жағдайда сот материалдарды қарап, әділ шешім шығарды", - деді Қожаев.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз