200-215 келі ет береді: Алексей мал бордақылап, кәсібін дөңгелетіп отыр

200-215 келі ет береді: Алексей мал бордақылап, кәсібін дөңгелетіп отыр

Қазақша еркін сөйлейтін Арыс тұрғыны Алексей Радивил мал шаруашылығымен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

21 жастағы жігіт мұндай кәсіп бастауға дайындығын осыдан бір жыл бұрын бастаған. Арыс қаласы әкімдігінде "Бизнес бастау" оқуын оқуып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін "Ет бағытында бордақылау кәсібі" ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынған. Нәтижесінде жобаны комиссия мүшелері алдында сәтті қорғап шыққан ол 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бұқа сатып алған. Оның үшеуі - қазақтың етті ақбас сиыры.

"Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар", - дейді Алексей.

Жас фермердің айтуынша, қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы - ақбас сиыр. Бір жастан асқан бұқашығы 200-215 келі ет береді екен.

Жігіт алдағы уақытта тек мал бордақылау емес, кәсібін сүт өнімдері бағытында да дамытуды жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz