20 мың теңгеден асып кеткен: Алматыда су төлеміне қатысты дау шықты

Коммуналдық төлемге қатысты шағым көп. Әсіресе, су үшін әдеттегіден әлдеқайда көп сома шықса, тұрғынның күмәндануы заңды. Бірақ бұл жолғы жағдайдың бір ерекшелігі бар: алматылық тұрғын есептегіштің көрсеткішін өзі тексере алмай отыр. Себебі су есептегіш құдықта орналасқан. Есептегішті тұтынушы көре алмайтын жерге орнату заңға сай ма? "Алматы Су" бұл мәселеде қандай талаптарға сүйенеді? Ал тұрғындар өз құқығын қорғау үшін нені білуі керек? ТengriНome осы мәселенің мән-жайын анықтап көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Су есептегіштерінің көрсеткішін қалай тексереміз?"

Редакцияға Алматы қаласы Медеу ауданындағы Думан шағынауданының жеке сектор тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, 2026 жылғы мамырында суық су есептегіші ауыстырылған.

"Маусымның басында коммуналдық қызметтер үшін түбіртек келді. Онда суық су мен кәріз үшін ақылға сыйымсыз сома жазылған. Суық су үшін — 21 959 теңге, кәріз үшін — 9 242 теңге. Ал бұрын біз суға 2 000 теңгеден, кәрізге 1 500 теңгеден асырып төлемейтінбіз. Бақылаушы бұл ескі есептегіш бойынша шыққан шот екенін, яғни мұның бәрін өзіміз тұтынғанымызды айтты", — дейді зейнеткер.

Оны есептегіштің құдықта орналасқаны да қатты ашуландырды, себебі ол көрсеткіштерді қайта тексере алмайды.

"Құдықтағы есептегіш көрсеткіштерін "Алматы Су" бақылаушылары алады және соның негізінде бізге шот жіберіледі. Сонда бақылаушылар өз жұмысын атқармаған ба? Енді олардың қателігі үшін біз бір айда осындай қомақты сома төлеуіміз керек пе? Әлде бақылаушы біздің ескі есептегішті шешіп алып, көрсеткішті әдейі көбейтіп жазып жіберді ме? Қанша су тұтынып жатқанымызды білу үшін есептегіш көрсеткіштерін қалай тексереміз?" — деп кейіді әйел.

"Тұтынушы толық ақпарат алуға құқылы"

Мұндай жағдайлар жиі кездесетіндіктен, ТengriНome редакциясы пікір алу үшін "Алматы Су" мекемесіне хабарласты. Ондағылар есептегіштерді құдықтарға орнату заңды екенін мәлімдеді.

"Есептегішті тиісті шекараға орнатуға техникалық мүмкіндік болмаса, суық су есептегішін аула ішіндегі аралық құдыққа қоюға болады. Мұндай жағдай, мысалы, жерасты суы көтерілгенде немесе көлік қозғалысы көп болып, көрсеткішті тұрақты тексеру қиынға соққанда кездеседі", — деп түсіндірді компания өкілдері.

Бұл ретте есептегіштің бүтін болуы мен ондағы пломбаның сақталуына, тіпті құдыққа түсуге мүмкіндігі болмаса да, абонент жауапты болады. Компания бұл мәселеде сумен жабдықтау қызметтерін көрсетудің үлгі шартындағы талаптарға сүйенеді.

"Егер жауапкершілік үй иелеріне жүктелсе, олар бақылау мен тексеруді қалай жүзеге асыруы керек?" деген сұраққа "Алматы Су" қысқаша жауап берді:

"Су өлшеу торабы мен сумен жабдықтау жүйелерін жүйелі түрде тексеріп тұру қажет".

Қазақстанның республикалық тұтынушылар қауымдастығының басшысы Жаслан Айтмағанбетовтің есептегіштерді құдыққа орнатуға қатысты көзқарасы басқаша.

"Олар (монополистер — ред. ескертпесі) қандай да бір ережелерге сілтеме жасайды. Бірақ менің білетінім: "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңда тұтынушының көрсетілетін қызметтер туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы екені жазылған. Егер тұтынушыға толық ақпарат берілмесе, онда бұл заңсыз. Бұл оның құқығын бұзады", — деп түсіндірді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, тағы бір мәселе — құдықтағы есептегіштердің жоғары ылғал жағдайында тұруында. Бірнеше айдың ішінде пломбалар жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал оның бүлінгені үшін тұтынушыға айыппұл салынуы ықтимал. Көрсеткіштермен келіспейтіндерге ол сотқа жүгінуге кеңес береді, бірақ бұл — шығыны көп процесс.

Су есептегішін ауыстыру: тұтынушылар нені білуі керек?

Компания өкілдері есептегішті қалай ауыстыру керегін айтып берді:

  1. Бақылаушылар есептеу құралын тоқтатқан кезде, суық су есептегішін есептен шығару туралы акт жасайды.
  2. Актіде есептегіштің нөмірі, пломба нөмірі және көрсеткіштері көрсетіледі.
  3. Актіге екі данада бақылаушы мен тұтынушы қол қояды, бір данасы абонентте қалады.
  4. Тараптар есептеу құралындағы көрсеткіштерді камераға түсіріп алуға тиіс.

Айта кетейік, "Алматы Су" қызметкерлері есептегіштерді ауыстырумен айналыса алмайды.

"Жеке есептеу құралдарын орнату және ауыстыру жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік орган берген тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүргізуге тиіс. "Алматы Су" кәсіпорнында жеке есептеу құралдарын орнатуға лицензия жоқ. Лицензиясы бар ұйымдар орнатылған есептегіштер туралы ақпаратты береді, ал біз бұл мәліметтерді кәсіпорынның деректер базасына енгіземіз", — деп нақтылады компаниядағылар.

Негізінде абоненттер көрсеткіштерді өз бетінше алып, ай сайын 25-іне дейін мына тәсілдердің бірімен өткізуі керек:

  • байланыс орталығына мына нөмір арқылы: +7-727-3-777-444;
  • "Алматы Су" веб-порталындағы жеке кабинетке енгізу (https://www.as-portal.kz);
  • есептегіш көрсеткіштерінің фотосын WhatsApp мессенджері арқылы жіберу: көпқабатты үйлер үшін: +7 747 377 74 44, жеке үйлер үшін: +7 708 101 20 31, заңды тұлғалар мен басқа да тұтынушылар үшін: +7 776 028 0761;
  • электрон поштаға almatysu@almatysu.kz;
  • сонымен қатар, көрсеткіштерді бұрынғыша банк қосымшалары арқылы "Алсеко" түбіртектеріне енгізуге болады.

Кәсіпорын қызметкерлері болса, көрсеткіштердің дұрыстығын үш айда бір рет орнында тексереді. Алайда шоттар ай сайын ұсынылады.

"Төлем құжаттарында ай сайынғы есептеулердің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мақсатында, нақты көрсеткіштер алынбаған кезеңде кәсіпорын алдыңғы көрсеткіштер бойынша орташа тәуліктік шығын негізінде шоттарды ұсынады. Кейін көрсеткіштер алынған соң, оларға түзету енгізіледі. Сонымен қатар, нақты көрсеткіштер алынған кезде автомат түрде қайта есептеу жүргізілетінін хабарлаймыз", — деп толықтырды "Алматы Су" өкілдері.

Осылайша, түбіртектерде артық төлем туралы ескертпе пайда болады. Бұл соманы алдағы есеп айырысулар үшін шотта қалдыруға немесе оны қайтаруды талап етуге болады. Ол үшін кәсіпорынға жүгіну қажет.

Алматыда су тарифі өсуі мүмкін

Қазір Алматыда су тарифі - бір текше метр үшін 76,56 теңге, кәріз қызметі үшін 47,5 теңге.

"Қазақстанның 19 ірі қаласының ішінде Алматы су тарифі бойынша 18-орында, ал кәріз тарифі бойынша 16-орында тұр. Бұл кәсіпорын тарифтерінің еліміздегі ең төменгі және әлеуметтік бағыттағы тарифтердің бірі екенін айқын дәлелдейді", — деп қорытындылады "Алматы Су".

Дегенмен, биылғы қыркүйекте тарифті көтеруге өтінім беру жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!