- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 20 минут жұмыс,...
20 минут жұмыс, 60 мың теңгеден артық табыс: WhatsApp-та фейк жарнама тарады
WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтарға күніне 20 минут жұмыс істеп, 60 мың теңгеден артық табыс табу ұсынылып жатыр. Хабарламада телефонмен сөйлесу қажет, ол үшін ерекше дағдылар қажет емес делінген. Stopfake.kz порталы мұндай хабарламаларға сенбеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәтінде қызығушылық танытқандарға бос жұмыс орындары жазылған сілтеме берілген. Ол арқылы What’sApp мессенджеріндегі чат ашылады. Әңгімелесушінің аты Wilson and sons деп көрсетілген.
"Әлемде осылай аталатын компаниялар көп. Желіде Wilson and sons деп аталатын құрылыс фирмалары, жиһаз компаниялары және басқа да кәсіпорындар табылды. Компаниялардың ресми сайттарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында олардың Қазақстанда қашықтан жұмыс істеуге адам жалдайтыны туралы айтылмаған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Желіде WhatsApp арқылы ұсынылатын жұмыс орындары туралы мәлімет көп. Мамырда осындай хабарламалар ресейлік пайдаланушыларға жіберілген. Оларға да бірнеше сағаттың ішінде қомақты пайда табу ұсынылған.
"Бұқаралық ақпарат құралдары мұндай ұсыныстар алаяқтардың ісі деп хабарлады. Адам бос жұмыс орнына қызығушылық танытса, белгілі бір ресурста тіркелуге тиіс. Ол үшін алаяқтарға қолжетімді арнайы нысандарға жеке деректерді енгізу қажет. Осылайша, олар жәбірленушінің шоттарындағы ақшаны иемденуге болатын жеке ақпаратты алады.
Нәтижесінде, адамдарда ақша табу мүмкіндігі болмайды және олар өз ақшаларынан айырылып қалуы ықтимал. Демек, жұмыс туралы мұндай ұсыныстарға сену қауіпті. Көп жағдайда мұндай жарнамалар фейк және алаяқтық болып табылады", - делінген портал жазбасында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан