Жамбыл полиция қызметкерлері "Аңдасай" қорығы аумағында ақбөкен аулағандарды ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мойынқұм ауданы табиғатты қорғау полициясының инспекторлары "Охотзоопром" өңірлік басқармасының өкілдерімен бірге "Аңдасай" ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи аумағында ақбөкен аулаған екі адамды ұстады.
Олар - Мойынқұм ауданының 23 және 24 жастағы тұрғындары. Тексеру кезінде ұсталғандардан ақбөкеннің еттері, екі аңшылық тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер және пышақ табылып, тәркіленді.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі бойынша (Заңсыз аңшылық) соталды тергеу амалдары басталды.
Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады. Бірқатар қажет сараптама тағайындалды.
Бұл қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айырып, алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!