"20 күнде 15 миллион". Блогер аз уақытта табысқа жетуінің сырын айтты

"20 күнде 15 миллион". Блогер аз уақытта табысқа жетуінің сырын айтты

Жастар арасында әлеуметтік желіде танымал болып, табысқа жетіп, мотивация беріп жүргендер көп-ақ. Соның бірі - Бұлбұл Мәулетқажы. Ол 1 жыл ішінде адам айтса сенгісіз нәтижеге жеткен, көкесіне арманындағы көлігін сыйлаған, қазір Түркияда тұрады. Massaget.kz тілшісі жас кәсіпкер, блогермен сұхбаттасып, аз уақытта жетістікке жетуінің сырын сұрады.

Бұлбұл блогер ретінде жолын қалай бастағанын айтты. Оның сөзінше, оқырманының бәрі аз уақытта, таза жолмен жиналған әрі "тірі" аудитория.

"Университетте оқып жүрген кезден-ақ сабаққа келгенімді, жүрген-тұрғанымды өзім үшін түсіре бастадым. Былтырдан бастап блогерлікті қолға алдым. 2022 жылдың басында 17 мың оқырман болды, қазір 60 мың. Бір жыл ішінде жиналды. Аудиторияны ұстап қалу, қызық, пайдалы контент ұсыну - үлкен жауапкершілік. Себебі қаншама адам қарап отыр. Барынша пайдалы дүние түсіруге тырысасың", - дейді ол.

Жас кәсіпкер жетістікке жетудің құпиясы оңай екенін айтты. Бұлбұлдың айтуынша, бар болғаны - жақсы ой, ниет, мақсат.

"Жетістікке кез келген адам жете алады. Тек еңбек ету керек. Көп адам ерінеді, жалқауланады, басқаларға қызығады. Шындығына келсек, ол да тырысып, жұмыс істесе, жетістікке жетеді. Жетістікке жетудің сыры - еңбек. Көкеме көлік сыйладым. Ол - барлық адамда бар арман. Кез келген адам әкесіне, жақындарына жақсы сыйлық жасағысы келеді. Менде де бұрыннан осы арман болды. Instagram-да блогерлер, басқалар салып жатқанда, қызығатын едім. "Алып беремін" деп ойладым. Бірақ ол кезде нақты мақсат болмады. Адам сол нәрседен қатты қателеседі. Нақты мақсат қою керек. Барлық адамда арман бар, бірақ дұрыс мақсат қоя алмайды", - дейді ол.
 

22 жастағы қыз 20 күн ішінде 15 миллион жинады дегенге ешкім сенбеуі мүмкін. Бірақ Бұлбұл бәрі мүмкін екенін көрсетіп отыр.

"Бұл нәрсені ешкім білмеді, сіңіліме ғана айттым. Қазақстанға қайтуыма 20 күн қалған еді. 20 күннен кейін Қазақстанға көлік алып барамын деп ойладым. Бірақ ол кезде қолымда қаражат жоқ еді. Сол кезден бастап мақсат қойдым. 20 күн ішінде көлік алуға 15 миллион ақша жинадым. Осылайша, Қазақстанға қайтқанда қолымда сол қаражат болды. Өзім де таңғалдым. Себебі оған дейін менде мұндай ақша жиналып көрмеген еді. Өз-өзіме сенбей, Қазақстанға барып, көлік сыйладым. 22 жасымда алдым. Көп ақша табу үшін өліп-талып, жүк көтеріп жұмыс істеудің қажеті жоқ. Адам бірінші дұрыс ниет, мақсат қойып, мимен жұмыс істеуі керек. "20 күн ішінде 15 миллион табылды" дегенге ешкім сенбеуі мүмкін. Бірақ шын дүние", - деді блогер.

Бұлбұл қазір қандай кәсіппен айналысып жүргенін әңгімеледі.

"Қазір байер болып жұмыс істеймін. Адамдарға үйретеміз. Қазақстанға тауар жібереміз. Командамыз бар. Түркияға алғашында қыдырып, бір-екі айға тұруға бардым. Бірақ бұл жақ маған ұнады. Бәрі жұмыс істейді, ауасы, табиғаты, қала - бәрі ұнады. Кез келген адам бір орында отырып қалмай, жан-жақты көруі керек деп ойлаймын. Қазір Ыстамбұлда тұрып жатырмыз. Алдағы уақытта басқа жақты да көреміз деген жоспарымыз бар", - деді ол.

Көліктен кейін Бұлбұлдың тағы бір арманы орындалған.

"Пәтерді екі ай ішінде алдық. Екі ай ішінде осынша ақша жинаймыз, үй аламыз деген мақсат қойдық. Ақшаны не үшін жинап жатқанымызды білмесек, жинай алмайтын едік. Нақты мақсат болғандықтан, жатпай-тұрмай жұмыс істедік. Кейін Ыстамбұлдан 55 миллионға қолма-қол екі бөлмелі пәтер алдық", - дейді ол.

Кез келген адамның өмір жолында түрлі қиындық кездеседі. Бұл нәрсе Бұлбұлды да айналып өтпепті. Ол өзгелер секілді өзінде де қарыз болғанын жасырмады. Алайда еңбектің арқасында қазір бәрі өзгерген.

"Қарыз, несие деген менде де болды. 2021 жыл өте қиын жыл болды. Өйткені қарызды қарызбен, несиені несиемен жауып жүрген кездер болды. 13 миллион теңге несием болды. Үйдегілер, таныстарымның атынан алғызған кездер де болды. Сол несиеден құтылуыма Түркия себепші болды және маған сенген таныстарыма рақмет айтамын. Қазір Қазақстанда несиесі жоқ адам кемде-кем шығар. Кредит қайдан пайда болды? Мен үшін ақша табудың ең оңай жолы несие алу болды. Ала бердім, жаба бердім. Бір кезде банк несие бермеді. Осы кезде әрі қарай бұлай болмайтынын, несие алмай, жұмыс істеп ақша табу керегін түсіндім. Сол кезде Түркияға кеттім, өмірім де 360 градусқа өзгерді. Қазір шүкір, барлығынан құтылдым", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Instagram

Қазір Бұлбұл саяхаттап, кәсіппен айналысып, әлеуметтік желідегі парақшасын дамытып жүр. Жап-жас қыз "әрекет түбі - берекет" деген қағиданы дәлелдеп отыр.

Еске салайық, бұған дейін алматылық 20 жасында әкесіне көлік сыйлағаны хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова