- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 20 күн болды,...
20 күн болды, үйден шықпай, азып кеткен: Алматы облысындағы зейнеткерлер қарттар үйінде тұрғысы келеді
"Бірі арбаға таңылып, бірі төсек тартып жатып қалған қараусыз зейнеткерлер қарттар үйінде тұрғысы келеді". Алматы облысындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшіс Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағы жағдайды көру үшін телеарна тілшілері оқиға орнына барған. Алайда журналистерді дарбазадан ары кіргізген жоқ. Іштен шыққан туыстары да жауап бермейді. Енді үйдің ішіне кіріп, әлгі егде жастағы кісілердің жағдайын өз көзімізбен көрейін десек, еш мүмкіндік бермейді. Дарбазаның арғы бетіне көршілері тұрмақ, тіпті журналистер, әкімнің өзі де кіре алған жоқ.
"Балалары қараусыз тастап кетті" деген әңгіме шыққан үйдің маңына жиналған жұрттың айтуынша, қарттардың баласы мен туыстары бүгін келген. Көршілері "абаға таңылған әжей дауыстап көмек сұрайды, ал ақсақал көрінбегелі 20 күндей өтті" дейді. Олардың айтуынша, туған ұл-қызы зейнетақы түскенде ғана келеді.
"Баласы бар. Екеуі "зейнетақыны алып кетті" деп жылап отырады. Ал қызы, кемпір арбасымен әркімге жалынып барса, сол күні қуып жібере ме, білмедім. Кемпір қайтып келеді. Көршілердің бәрі жаман атты болды", - деді көршісі Базарбике Жамалова.
"Таңғы сағат 7:30-дан бастап көмек сұрап, айқайлайды. Жақын тұрамыз, жағдайы ауыр. Бұрын ата жүретін. Осы 20 күн болды, үйден шықпай қалды, азып кеткен. Тамақ жей алмай жатыр. Апа қарай алмайды. Ол құлап қалса, арбасына отырғызамыз. Қарайтын адам жоқ, күндіз жұмыс істейміз", – деді көршісі Гұлнұр Қисықбасова.
Ал зейнеткерлердің туған ұлы "қарттар қараусыз қалды" дегенді жоққа шығарды. "Күйе жаққаны үшін, үйге кіргені үшін" бейнежазбаны түсіргендерге арыз жазбақ.
"Атырауда жұмыс істеймін, 15 күн үйде болмадым. Бірақ әпкем қараған. Ол шығып кеткенде камераға түсіріп кеткен ғой. Ол кісілердің үстінен әпкем арыз жазады", - деді баласы Мәлік Байсамбеков.
"Ағам қалай, жеңгем қалай?" деп сұрап тұрамын. Балалары қарап жатыр. Жақында ағам басы айналып, құлап қалған. Жеңгем арбада отырып, тұра алмаған. Сол кезде көршілерден көмек сұраған, ал олар ішке кіріп видеоға түсірген", - деді қарияның қарындасы Сара Ырғайбаева.
Оқиға орнына ауылдың әкімдік өкілі келді. Шенеунік "ата-әжеге қолдан келген көмекті беріп жатырмыз" деп сендірді.
"Бұл кісілер аш отыр" деген соң, азық-түлік алып келдім. Әкімдік тарапынан бәрі ұйымдастырылды. Медициналық көмек беру үшін дәрігерлер апта сайын келіп тұрады. Дәрісін беріп тұрады, одан артық оларда да мүмкіндік жоқ", – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев.
Әкім орынбасарының айтуынша, қарияны ауруханаға жатқызған. Ал оларды қарттар үйіне өткізу үшін балаларының рұқсаты керек. Бірақ ұл-қызы да, жақын туыстары да қарсылық танытты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина