“20 жылға дейін сотталып кетуіңіз мүмкін“. Прокуратура арандату сипатындағы жазбаларға қатысты үндеу жасады

“20 жылға дейін сотталып кетуіңіз мүмкін“. Прокуратура арандату сипатындағы жазбаларға қатысты үндеу жасады
Фото: depositphotos.com

Бас прокуратура азаматтарға үндеу жасап, әлеуметтік желіде арандатушылық пен алауыздық тудыруға жол берілмейтінін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство әлеуметтік желіде қоғамда алауыздық тудыруға бағытталған арандату сипатындағы жазбалар мен пікірлер байқалатынын мәлімдеді.

"Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заң бойынша қатаң қудаланатынын ескертеміз. Қылмыстық кодекстің 174-бабында алауыздық тудырғаны үшін 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 2 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген", - деп жазылған хабарламада.

Бас прокуратура Қазақстанда онлайн платформаларда заңсыз контент жариялауға және таратуға тыйым салынғанын да еске салды.

"Мұндай әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", - деп жазылған хабарламада.

Прокурорлар ақпараттың шынайылығын тексеруге ерекше көңіл бөлуді, қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін материалдарды жариялау мен таратудан бас тартуды ұсынды.

"Жалған ақпарат жариялағаны және таратқаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда Қылмыстық кодекстің 274-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген", - деп ескертті Бас прокуратура өкілдері. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget