20 жылдан бері қазақ тілінен дәріс беріп келе жатқан кореялық профессор Президентке алғыс айтты

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады. Олардың қатарында Хангук шет тілдері университетінің профессоры Сон Ён Хун да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс-шара барысында Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

Сон Ён Хун 20 жылдан бері қазақ тілінен дәріс беріп, корей халқына Қазақстан мен оның мәдениетін дәріптеп келеді.

Ол жоғары дәрежелі марапатқа лайық көргені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

"Аса құрметті Президент мырза, бүгін маған осындай жоғары мәртебелі "Достық" орденін табыстағаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл - мен үшін үлкен мәртебе және зор құрмет. 20 жыл бойы Кореяда қазақ тілін оқытып, Қазақстанды Корея халқына кеңінен танытуға, екі елдің достығын нығайтуға өз үлесімді қосуға тырысып келемін. Бұл марапат тек өзіме емес, кафедрамыздың көп жылғы еңбегіне, Кореядағы қазақ тілін оқыту мен Қазақстанды зерттеу ісіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. ...Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде ең мықты, ең дамыған мемлекет екені баршаға мәлім. Әсіресе, жақында жүргізілген саяси реформалар арқылы мемлекетті жаңғыртуға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды іс-шараларды, қадамдарды жасағаныңызды бәріміз жақсы білеміз", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!