- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "20 жыл бойы...
"20 жыл бойы жол жоқ": тараздықтар әкімдіктен қаржының есебін сұрады
Таразда 20 жыл бұрын халық қоныстанған тұрғын үй алабына тасжол салынбаған. Әкімдік былтыр "қаржы бөлінді, бүкіл көшені жөндейміз" деп уәде берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
"Барысхан" алқабындағы тұрғындар жаз болса шаң басып, күз бен қыста батпаққа малынып жүруге мәжбүр. Себебі 900 үй бар шағынауданның көшелері ширек ғасырға жуық жөнделмеген. Осы уақыт ішінде мәселе талай көтерілгенімен, біраз әкім ауысып, шешімі күрмелген күйі қала берген.
"Балалар мектепке киімі батпақ болып барады. Жаңбыр жауса, батпақтан жүре алмаймыз. Жылына 2-3 аяқ киім ауыстырамыз. Әкім мырза келіп, көрсін", - деді қала тұрғыны Роза Олжабаева.
Былтыр қала билігі жұрттан сүйінші сұраған. Тұрғындардың сөзінше, республикалық бюджеттен жолға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары да басталған. Бірақ бір жолды асфальттап болған соң, жауаптылар жұмысты тоқтатқан.
"1 миллиард 600 мың теңге бөлінді. "Биыл екеуін істейміз, келесі жылы қалғанын істейміз" деді. Республикадан ақша бөлінді, сол ақша қайда?" - деді қала тұрғыны Құралай Самиева.
Тұрғындар бұл жолы қала басшысын өздері іздеп барды. Қала әкімі "жоба жасалғаны рас, бірақ қаржы жоспар бойынша бөлінбеді" деп ақталды. Дегенмен жол салуға республикадан 1,4 миллиард теңге қаралған. Бүгінде оның бір бөлігі ғана берілген.
"Биыл республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен 767 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бірақ ол қаражат қаржыландыру жоспарына сәйкес, мердігер 1-2 күн болды жұмысын бастады", - деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қала әкімі мердігерге қаржының 30 пайызын аударып берген. Құрылыс компаниясы 1 қазанға дейін 8 көшеге жол салуға тиіс. Ал қалған жолдар келер жылдың еншісіне қалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова