- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 20 фашистің көзін...
20 фашистің көзін құртқан мерген Мария Шинкевич пен бүгінгінің снайпер аруы Толқын Бәкіжанова кездесті
Қарағанды қаласының тұрғыны, 19 жасында майдан көрген Мария Шинкевич бүгінде 98 жаста. Соғыста мергендігімен көзге түскен ол 20 жаудың көзін құртқан. Қанды жолды барлаушылармен алдынғы шепте жүріп өткен. Чехословакияны азат етіп, жеңісті Прагада қарсы алған.
“Снайпер - батыл әрі өз-өзіне сенімді болуы керек. Соғыс деген бәрібір де қорқынышты. Оны бүгінгі ұрпақтың басына салмасын. Елімізде бейбітшілік болсын”, - дейді, соғыс ардагері Мария Шинкевич.
Соғыс ардагерімен "Астана" өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінің мергені Толқын Бәкіжанова кездесіп, мерекемен құттықтады. Осылайша ұрпақтар сабақтастығымен, қос мерген арудың кездесуі орын алды.
Толқын Бәкіжанова "Бейбітшілік жауынгері-2021" кәсіби шеберлік сайысында Ресей, Армения, Беларусь, Грекия және Қатар елдерінен келген өзі секілді әріптестерінен озып, жеті медаль мен жеңімпаз кубогын алған.
“Жас ұрпақ тарихты ешқашан ұмытпауы керек. Бұл кісілердің арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп жүрміз. Соғыс ардагерлеріне, еліміздің батырларына өмір бойы қарыздармыз. Бұл жандарды тек мерекеде еске алмай, әрдайым алғысымызды айта жүруіміз керек”, - дейді мерген Толқын Бәкіжанова.
Т. Раушанұлы