- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "20-дан аса апат,...
"20-дан аса апат, 100-ден аса адам өлімі". Лакшми Миттал Қазақстанға қалай келді?
17 тамызда Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында орналасқан "Қазақстан" шахтасында өрт болып, екі қызметкер өлі табылды. Шахта "АрселорМиттал Теміртаудың" Көмір департаментінің құрамында. Алып компанияның басшысы - үндістандық кәсіпкер Лакшми Миттал. Кешеден бері Қазнеттегілер "Лакшми Миттал Қазақстаннан кетуі керек" деп жатыр. Себебі бұл компанияға қатысты адам өлімімен аяқталған алғашқы оқиға емес. Лакшми Миттал туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жеткен. Былтырдың өзінде кәсіпорында екі оқиға болған: 10 маусымда жұмыс істемейтін термиялық пеште отқа төзімді кірпішті бөлшектеу кезінде ұста-пресс цехында оларға шатыр құлап төрт қызметкер қаза тапса, қарашада шахтада жарылыс болып, бес адам қаза тапты. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапқан.
Компания басшысы Лакшми Миттал туралы не белгілі?
Лакшми Миттал - үндістандық кәсіпкер, әлемдегі ең ірі металлургиялық компания Mittal Steel Company N.V иесі, әлемдегі ең ірі Arcelor Mittal металлургиялық компаниясының иесі. 2008 жылы "Форбс" журналының рейтингіне сәйкес, ең бай адамдардың ішінде әлем бойынша төртінші орында (45 миллиард доллар) болған.
Алғаш кәсіппен Индонезияда айналыса бастаған. Лакшми Митталдың Ispat International компаниясы 30 жыл бойы қарқынды дамып, әлемнің түкпір-түкпірінде пайда болған. Митталдың әкесі де Үндістанда кәсіппен айналысқан. Алайда жергілікті үкіметпен проблемалар туып, кәсібін сатып жіберген.
1997 жылы LNM (Lakshmi Narendra Mittal) компаниясын тіркеп, ол жерге Ispat-тың негізгі актив пакеттерін аударған. 2003 жылы Ispat және LNM компаниялары Mittal Steel Group деп бірігеді. Бас кеңсесі алғашында Индонезияда болғанымен, кейін Лондонға ауысады. Ашық дереккөздердің мәліметінше, Лакшми Митталдың Лондонда зәулім үйі бар. Онда 12 жатын бөлмесі бар. Үйленген, Адитья (Aditya) есімді ұлы және Ваниша (Vanisha) есімді қызы бар.
Arcelor Mittal Қазақстанда
Ашық дереккөздердің мәліметінше, Рахат Әлиев "Крестный тесть" кітабында комбинатты сатып алу кезінде Лакшми Миттал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа акциялардың жартысын және 50 миллион долларды бергені айтылады. 2004 жылы бастапқыда "Испат Кармет" АҚ деген атаумен болған компания "Миттал Стил Теміртау" деп қайта тіркелген. Ал 2007 жылдың 6 қыркүйегінен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ болып өзгерген.
17 тамызда қайғылы оқиға болған "Қазақстан" шахтасы Көмір департаментінің құрамында. Департаментте 18 мыңнан аса қызметкер бар.
Қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбіловтің YouTube-арнасында кәсіпорын жайлы зерттеу жарияланған. Онда Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов бәрі 1995 жылы басталғанын айтады. Сол жылы Қарағанды металлургия комбинаты үндістандық кәсіпкер Лакшми Митталға 225 миллион долларға сатылып кеткен.
"Жекешелендіру өтті. Бұл ел Үкіметінің 1995 жылғы қарашадағы қаулысы болды. Комбинат 225 миллион долларға сатылды. Төлем 4 жылға кешіктірілді. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Миттал мырза ҚарМетКомбинатты сатып алу ақысына бір доллар салған жоқ. Барлық 225 миллион доллар зауыттың өзінен түскен қаражаттан алынған", - дейді Оразалы Ержанов.
Одан бөлек, YouTube-арнадағы мәліметке сәйкес, Лакшми Миттал 2005 жылы Украинадағы "Криворож" комбинатын 4,8 миллиард долларға сатып алған.
Қазнет не дейді?
Шахтада шыққан өрттен кейін Қазнеттегілер бұл жайтқа қатысты ойын жаза бастады. Журналист Жарас Кемелжан Қазақстандағы шахталар ажал апаны болып тұрғанын айтады.
"Арғысын айтпағанда, тәуелсіздіктен бері қанша шахтер жер астынан шықпай қалды. Ғылым-техника, технология қанша дамығанымен, Қарағанды көмірін қазуға келгенде әлі ескі технология, ескі әдіс - қауіпті қадам. Сол шахтада тағы да апат болды. Апат болғанда өрт шыққан ғой. Сегіз адам зардап шеккен. Екі адам жансақтау бөліміне жеткізіліпті. Айтуға оңай, бірақ зардабы ауыр апат. Естеріңізде болса, Қарағандыдағы көмір шахталарының иесі шетелдіктер. Қазақтың байлығын сорып, қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген шетелдік компанияларды тексеру туралы президент тапсырма беріпті.
Тапсырма болғанда Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырыпты", - дейді журналист.
Қазақстандық дипломат Талғат Қалиев олигарх Лакшми Митталды тек отандық заң аясында жауапқа тартуға болатынын айтады.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақстан" шахтасын өрт шығып, кеншілер эвакуацияланып жатқанын хабарлаған едік.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы өртенгені айтылды. Шахтада 227 адам болған.
Кейінірек өрт шыққан жерден екінші кенші өлі табылғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина