2 тонна 300 келі: Қостанайда бауырсақ пісіруден рекорд жаңартылды

Қостанайдағы "Бауырсақ fest" шарасында аспаздар бауырсақ пісіруден әлемдік рекорд орнатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фестиваль Қостанай облысындағы Қамысты ауданында өтті. Оған 60-қа жуық мекеменің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. 

Гиннес рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, бұған дейінгі рекорд 2 тонна, 47 келі болған екен.

"Бұл рекордты тіркеу үшін Қостанай облысына Астанадан арнайы келдік. Бұған дейінгі рекорд 2 тонна 47 келі болған. Жергілікті халық бұл жолы "2 тонна 100 келілік межеге жетеміз" деп мақсат қойды. Көрсеткіш одан да асып түсті. 2 тонна 300 келі бауырсақ пісірілді. Рекорд жаңарды. Бұл - әлемдік рекорд", - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, дәстүрлі фестивальде тек бауырсақ емес, басқа да тағам түрлері пісіріліп, аспаздар өнер көрсетті. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!