Белгілі адвокат Жанна Оразбақоваға қатысты қылмыстық іс қандай бап бойынша қаралып жатыр? Бұл сұраққа адвокаттың өзі Алматыда өткен баспасөз конференцияда жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокаттың сөзінше, ол қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялағаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертетін құжаттарға қол қоймаған және айыптауларды негізсіз деп санайды.
"Іс Қылмыстық кодекстің 423-бабы бойынша қаралып жатыр, ол құқықтық статистика комитетінің жауабына сәйкес тіркелген. Бап айыппұлдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін көздейді", - деді адвокат.
Айта кетейік, сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерін жариялауға жол берілмейтіндігі туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ескертілген адамның не олар қызметі, жұмысы бойынша не Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де негіздер бойынша сеніп тапсырылған немесе белгілі болған адамның жария етуі, егер сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерін жария ету прокурордың келісуінсіз, сондай-ақ жабық сот талқылауының деректерін жария ету судьяның келісуінсіз жасалған болса:
2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске салайық, бұған дейін адвокат Жанна Оразбақоваға қатысты іс қозғалғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған болатын.
Алматы полициясының баспасөз қызметі осы хабарларға қатысты түсінік берді. Бұған қоса, адвокат Жанна Оразбақованың өзі Tengrinews.kz редакциясына хабарласып, ақпаратты нақтылаған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә