Абаттандыруға миллиардтаған қаржы бөлінсе де, Алматыдағы ағаштар суарылмай келеді. Мәселен Төлебаев көшесіндегі ағаштар күз келмей жатып сарғайып, кейбіреуі басынан аяғына дейін қурап кеткен. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып қураған теректерді көзбен көріп қайтты.
Мұқан Төлебаев көшесі көбінесе жаяу жүргіншілердің серуендеп жүруіне арналған. Қос қапталдан көмкерілген ағаштар аптап ыстықта қала тұрғындарына көлеңке болып тұратын. Алайда, тұрақты күтімнің жоқтығынан теректер күз келмей жапырақтары сарғайып, кейбіреуі тіптен қурап кеткен.
"Әкімдік аптап ыстықта ағаштарды суарғаннан басқа ештеңе білмейді. Қазір бұларға арнайы санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Жан-жағын қопсытып, діңгегін әктеп деген секілді. Олай етпесе бұл теректердің қайта көктеуі қиын. Биологиялық өңдеу жүргізсе де артық етпейді, - дейді қала тұрғыны.
"Кешірілмейтін дүниелер бар. 2 жылда 100 мың ағаш қурап қалған. Төлебаев көшесінде осындай 100-ге тарта жас ағаш бар. Әкімдік ағаштарды әдейі жойып жатыр. Бұл ағаштар мүлде суарылмаған. Егер суарылған болса түбі шұңқыр болып тұрушы еді. Мен Ерболат Досаевты өзіммен бірге жүріп, көшені жаяу аралауға шақырамын. Абаттандыруға бөлінген миллиардтардың қайда кеткенін көрсетемін", - деді саясаткер.
Біз аталған мәселеге қатысты әкімдікке арнайы сұрау салдық. Жауабын алдағы уақытта жариялаймыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!