“2 апталық курсты аяқтағандардың дәурені бітті“. Аймағамбетов жақсы жаңалықты жеткізді

“2 апталық курсты аяқтағандардың дәурені бітті“. Аймағамбетов жақсы жаңалықты жеткізді
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "жалған психологтардың" дәурені біткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, "Психологиялық қызмет туралы" авторлық заңдары Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілген.

"Бұған дейін қалай еді? Күйзеліске түскен адам Instagram-нан әдемі парақшасы мен күмәнді сертификаты бар "маманды" тауып, соңғы ақшасын санап берсе де, жағдайы тек нашарлай түсетін. Мыңдаған адамның, отбасының тағдыры күл-талқан болды. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, енді бұл өзгереді: 

  • "Дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Енді арнайы жоғары білімі, дипломы жоқ және бірыңғай мемлекеттік тізімге тіркелмеген адамдарға өзін "психолог" деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның тізімде бар-жоғын оңай тексере алады. Тізімде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.
  • "Психо" атауын жамылып, алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ "мамандар", "тренерлерге" өз жарнамасында "психолог" сөзін, сондай-ақ, одан туындайтын кез келген атауды (мысалы, "психо коуч", "психо кеңесші") қолдануға ресми түрде тыйым салынады. 2 апталық курсты бітіргендердің дәурені бітті.
  • Онлайн жарнама бақыланады. Психологтар әлеуметтік желіде өздерінің тізімдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі. "Мәселені 1 күнде шешемін" немесе "нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін" деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады.
  • Күрделі тақырыптарға тек кәсіби мамандар жіберіледі. Күйзеліс, мазасыздық сияқты терең мәселелермен және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек дипломы бар мамандар айналысады. Кәсіби дайындығы жоқ "мамандар" бұл салаға жолай алмайды.
  • Психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылады. Психолог дәрігер емес. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактив әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Науқаста ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден психиатрға бағыттауға міндетті.
  • Кәсіби құпия заңмен қорғалады. Сіздің психологқа айтқан құпияңыз, жеке өміріңіз сіздің жазбаша келісіміңізсіз еш жерде жарияланбайды. Сізді рұқсатсыз видеоға түсіруге, аудиоға жазуға да қатаң тыйым салынады". 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget