Мектептерде 2-4-сынып оқушыларына аралық бағалау өткізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушыларына алғашқы аралық бағалау өткізіледі.
"2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады. Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі", - деді министрлік өкілі.
Бағалау форматы пәнге байланысты:
- Қазақ тілі немесе орыс тілінен диктант және оқу сауатына арналған тапсырмалар беріледі. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады.
- Әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама және оқу сауатына арналған тапсырмалар болады. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі.
- Математикадан бақылау жұмысы болады. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.
Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы - 40 минут. Ең жоғары балл:
- 2-сыныпта - 12 балл,
- 3-сыныпта - 14 балл,
- 4-сыныпта - 16 балл.
"Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсатының кемінде 50 пайызын қамтуға тиіс. Нәтиже 1-10 балл бойынша бағаланады. Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды. 1-сыныпта оқушы балдық жүйемен бағаланбайды. Бағалаудың негізгі мақсаты - оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалық меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру", - деді министрлік өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова