1991 жылдан бері республикаға 1 млн 135,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, 7 353 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,4 пайыз) Қытайдан, 6,3 пайыз - Түрікменстаннан, 5,4 пайыз - Моңғолиядан, 34,4 пайыз - Өзбекстаннан, 3,2 пайыз - Ресейден және 1,3 пайыз басқа елдерден.
Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,2 пайыз және зейнеткерлер 9,7 пайыз.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9 пайызы жоғары білімді, 22,6 пайызы орта кәсіби білімді, 55,3 пайызы жалпы орта білімді, және 5,2 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы - 2 433 адам. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1697 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады - бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге - бір жыл ішінде 15тен 30 АЕК (55,3ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз