1991-дің тағы бір оқиғасы: Орал бүлігін әшкерелеп, қызметінен түскен Дәулетов туралы ұмыт қалған естелік

Биыл - 1991 жылы 15 қыркүйекте Оралда өткен саяси акцияға 34 жыл. Журналист-зерттеуші Артур Нығмет "Оралдағы текетірес. 1991 жыл" атты еңбегінде сол Орал оқиғасының жұмбағы мен белгісіз беттерін ашады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Артур Нығмет Орал халқы мен тұтас өңір қандай сынақтан өткенін көрсететін кітап үзіндісін жариялады. Үзіндіде Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиевтің Мәскеуге дейін жеткен қадамы баяндалады.

"Нәжімеден Есқалиевке орал казактарының арам пиғылы туралы құжат деректері қажет болды, алайда облыстық МҚК басқармасының бастығы Червяковтың баяндамасынан бәрі тыныш көрінді. ОМҚК бастығымен мәселені түбегейлі шешуге бел буған Есқалиев сол кезде "мерейтой" мәселесіне байланысты құрылған штабтың бір отырысында казактардың қаладағы кейбір кәсіпорындар базасында қарулы топтар құрып жатқанын дәлелдейтін өзге дереккөздерден алынған материалдарды штаб мүшелеріне ұсынды.

Есқалиевтің қолында Мәскеуден Ресей "атамандарының" жиналысынан келген "жорық атаманы" Сутягиннің жергілікті казактарға КСРО вице-президенті Геннадий Янаевпен кездескенін әңгімелеп бергені жөнінде мәлімет болды. Сутягин Оралдағы казак құрылымдарын жасырын режимге көшіруді ұсынған екен. Әрине, облыс басшылығы казактардың мұндай партизандық әрекеттеріне тосқауыл қою шараларын қабылдауға тиіс еді. Штаб отырысында Есқалиев ОМҚК бастығына былай деп сұрақ қойды: "Казактардың автономия құруға бағытталған күшейіп келе жатқан әрекеттері сізді неге алаңдатпайды?". Червяковтың жауабы залдағыларды есеңгіретіп тастады: "Менде казактардан экстремизм немесе қандай да бір қарулы жасақтар құру бойынша күдіктенуге негіз жоқ. Сіз бейбіт тұрғындарды қорқытып, үрей тудырмаңыз", - деп жазылған кітап үзіндісінде.

Осыдан кейін "Червяковтың Орал облысының басшылығына тіпті ресми түрде де құлақ асқысы жоқ екені, әдейі ашықтан-ашық қиқарлық танытып отырғаны, енді бұл мәселені тек Мәскеудегі МҚК орталық аппараты деңгейінде ғана шешуге болатыны" айтылған.

"Мәскеудегі МҚК-нің жоғары органдарына жүгіну үшін облыстың бас чекисі ұлтаралық араздықты өршітуге жол беріп отырғанына бұлтартпас дәлелдер қажет болды. Есқалиевтің дереккөздері Червяков Орал казактарының басшыларымен астыртын байланыста екенін, оларға нұсқаулар беретінін хабарлаған, бірақ мұның бәрі чекистік ұқыптылықпен жасырылған еді. Мәскеудің толық қолдауын сезінген Червяков Есқалиевпен қысқа іскерлік кездесуде ешқашан ақталмайтын, үнемі облыстық партия комитетінің МҚК жұмысына араласуға құқығы жоқ екенін еске салып отыратын. Сонда Нәжімеден Есқалиев үлкен тәуекелге барып, Червяковтың орынбасары, қазақ чекисі Тұрысбек Дәулетовті құпия әңгімеге шақырған. Есқалиев әңгімені төтесінен жүргізіп, бүкіл Қазақстанның тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтқан. Дәулетовке чекистің Отан алдындағы борышынан бөлек, қазақ халқы алдындағы парызы да бар екенін еске салған", - деп жазылған үзіндіде.

Артур Нығмет кітапта Тұрысбек Дәулетовтің осы саяси оқиғадағы рөлін ашып көрсеткен.

"Араға апта салып, Тұрысбек Дәулетов Нәжімеден Есқалиевке Червяковтың казак атаманы Качалинмен әңгімесінің жазбасын әкелді. Сол жазбадан облыстық МҚК бастығы казактарға олардың "мерейтой іс-шараларын" дайындауда жан-жақты әрі белсенді түрде көмектесіп отырғаны белгілі болды. Орал казактарының жағдайы мен облыстық МҚК бастығы Червяковтың рөлі туралы Есқалиев дереу министрлер кеңесінің төрағасы Назарбаевқа баяндады, ал ол тікелей Мәскеуге, КОКП ОК мен КСРО МҚК-ға жүгінуге кеңес берді. Енді шұғыл түрде Мәскеуге аттанып, Кремль мен Лубянкадағы кабинеттерге кіру қажет болды. КОКП орталық комитеті Орал казактарына қатысты мәселелерді естігенде таңданған жоқ. Керісінше Мәскеу бұл мәселе жөнінде жақсы хабардар болып шықты және "бір кездері заңсыз таратылған казак әскерін қайта жандандыруға" деген мүдделілігін жасырмады", - деп жазылған үзіндіде.

Мәскеу сапары бұл оқиғаны мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген.

"...Сол кезде Есқалиев КСРО МҚК төрағасы Владимир Крючковтың қабылдауына кіруге мүмкіндік алды. Ол Крючковқа полковник Червяковтың орал казак атаманымен әңгімесінің жазбасын көрсетті. Тәжірибелі кәсіби маман, МҚК төрағасы қынжылысын жасырмады: "қалайша мұндай жағдайға жол берілген?" Ол бірден Червяковты телефонға қосуды бұйырды. Ештеңе уәде етпестен, Крючков қысқа ғана былай деді: "Маған қате ақпарат берілген екен. Бұл мәселені анықтаймын". Араға үш күн салып, полковник Червяков қызметінен алынып, Оралдан кері шақырылды. Бір аптадан кейін Мәскеуден Оралға облыстық МҚК басқармасының жұмысын тексеру үшін үлкен комиссия келді. Ал ОМҚК бастығының орынбасары Дәулетов Гурьев облыстық МҚК басқармасының бастығы қызметіне тағайындалып қойғанына қарамастан, бейресми жазаға ұшырады, оны уақытша Оралда қалдырды. Кейін Алматы облыстық МҚК басқармасы бастығының орынбасары болып жіберілді. Осылайша ол мансап жолында зардап шекті", - деп жазылған кітапта.

Орал оқиғасы, Нәжімеден Есқалиев туралы

1991 жылы 15 қыркүйекте қазақ ұлтшылдары бастаған мыңдаған адам Орал қаласында жергілікті казактардың қайта жаңғыру мерекесін таратты. Нәжімеден Есқалиев - қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, КОКП ОК мүшесі, Орал облысында лауазымды қызметтер атқарған. Орал оқиғасында оның есімі жиі айтылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!