Кенияда діни секта жетекшісі Пол Маккензи 190 баланың өліміне кінәлі деп танылып, 200 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ізбасарларын ақырзаман жақындағанына сендіріп, жұмаққа жету үшін балаларымен бірге ашығуға үгіттеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, Маккензи орман ішінде діни қауымдастық құрған. Ол жақтастарына тамақтан бас тартып, аштан өлсе, жұмаққа баратынын айтқан. Ал бұйрығына бағынбағандарды сыбайластары ұрып-соғып, қорқытқан. Кейбір балалар тірідей жерленген.
Сұмдық оқиға 2023 жылы Шакахола орманынан жаппай адам мәйіттері табылған кезде әшкереленді. Құқық қорғаушылардың дерегінше, орманнан 448 адамның денесі шығарылған. Ал жалпы құрбандар саны 500-ге жетуі мүмкін.
"Балалар бауырларының бірнеше күн ашыққаннан кейін көз жұмғанын өз көздерімен көрген. Тамақ немесе су алуға тырысқандарды ұрып, қолдарын байлап, аштан өлуі үшін үйлерге қамап отырған", – деді судья Диана Каведза.
Сот Маккензиге 200 жыл түрме жазасын тағайындады. Оның 28 сыбайласы да 10 жылдан 160 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы оқиғадан алты баласынан айырылған әкелердің бірі: "Ересектер өз еркімен ашыққан шығар, ал балалардың жазығы не?" – деп күйінді.
Сот барысында билік өкілдерінің сектаға қатысты 2017 жылдан бері түскен ескертулерге дер кезінде назар аудармағаны да айтылды. Судья мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін мемлекет тарапынан қатаң шаралар қабылдануы қажет екенін атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz