19-ыншы сәби дүниеге келді: Қазақстанда көпбалалы отбасылар саны қанша?

19-ыншы сәби дүниеге келді: Қазақстанда көпбалалы отбасылар саны қанша?
Фото: depositphotos.com

Жуырда Қазақстанда көпбалалы отбасы Култышевтар жанұясында 19-ыншы сәби дүниеге келді. Қазақстанда ең көпбалалы отбасылар саны қанша? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

  • Оннан аса баласы бар қанша отбасы тіркелген?

Ұлттық статистика бюросының ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда 10 және одан да көп балалары бар 163 отбасы тіркелген. Бұл - 2021 жылғы Ұлттық санақ қорытындысына негізделген ақпарат. 

Статистикаға сүйенсек, көпбалалы отбасылардың дені Шымкент қаласында тұрады. Мұнда 59 отбасы көпбалалылар (10 және одан көп балалары бар) санатына жатады. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстары да бұл көрсеткіш бойынша бестікке кіреді.

depositphotos.com

  • Ең көпбалалы отбасында және ең көп бала асырап алған отбасында қанша бала бар?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алатын ең көп баласы бар отбасы - Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Култышевтар.

"Бұл отбасы бүгінгі күні 19 бала тәрбиелеп өсіріп отыр", - деп жазылған жауапта.

Ашық дереккөз

Ал Ақтөбе және Қостанай облыстарында 16 және 34 баланы қамқоршылыққа алған (асырап алған) отбасылар бар.

  • Кейінгі жылдары қанша егіз, үшем, төртем дүниеге келген?

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі егіздер, үшемдер, төртемдер туралы ақпаратты да ұсынды.

- 2019-2024 жылдары елімізде 48549, биыл 4585 егіз дүниеге келді;

- 2019-2024 жылдары елімізде 664, биыл 89 үшем дүниеге келді;

- 2019-2024 жылдары елімізде 8 төртем бар дүниеге келді. Биыл төртемдер дүниеге келген жоқ.

depositphotos.com

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова