- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "19 мың еуро,...
"19 мың еуро, 14 мың доллар". Астанада "курьер" зейнеткердің ақшасын алаяқтарға салып жатқан жерінен ұсталды
Қарағанды облысының полицейлері алаяқтарға жұмыс істеген "курьерді" ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
5 тамызда Теміртау Полиция басқармасына қарасты Ескі қалалық полиция бөліміне 75 жастағы зейнеткер арызбен жүгінді. Жәбірленушіге өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреу хабарласып, қызының жол-көлік оқиғасын жасағанын айтқан. 50 жастағы қызының кінасы толық дәлелденгенін айтып, оны қылмыстық жауапкершілектен босату үшін ақша талап еткен.
Кейін хабарласқан белгісіз азамат телефон тұтқасын әйел адамға берген. Оның дауысы жәбірленушінің қызының дауысына ұқсас болған. Не істерін білмей қалған жәбірленуші үйінде жинаған 19 000 евро және 14 700 АҚШ доллары барын айтқан. Сол кезде хабарласқан адам оның үйіне "курьер" келетінін айтып, ешқайда бармауын өтінген.
Жедел әрекеттер барысында Шахтинск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні Астана қаласындағы банкоматтардың бірінде ақша салып жатқан жерінен ұстады. Оның 19 жастағы Тараз қаласының тұрғыны екені анықталды. Жігіт ақшаның қандай жолмен келіп жатқанын білген. Ұсталған сәтте күдіктіден 17 800 евро және 115 000 теңге ақша тәркіленді.
"Өкінішке қарай, алаяқтық туралы ескертулерге қарамастан, алданып қалған адамдардан әлі де арыздар түсіп жатыр. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында "жол-көлік оқиғасына түсті және қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет" деген желеумен алданып қалу дерегі бойынша 80-нен астам арыз тіркелді. Жүргізілген кешенді жұмыстар барысында осы істерге қатысы бар деген күдікпен 27 адам ұсталса, оның бесеуі кәмелеттік жасқа толмағандар болса, 13-і такси жүргізушілері. Егер де сіздерге белгісіз адамдар хабарласып, балаңыз немесе жақын туысыңыз жол-көлік оқиғасына түсті, жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет деген қоңыраулар болса, бірден телефон тұтқасын қойып, 102 арнасына қоңырау соғуларыңызды сұраймын", – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
"Маған телефон соққан қыз баланың дауысы менің қызымның дауысына қатты ұқсады. Шынымды айтсам, қорқып кеттім. Қылмыскерді ұстап, ақшамды қайтарып берген тәртіп сақшыларына алғысым шексіз", – деді жәбірленуші Елизавета Громова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан