- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 19 жылдан кейін...
19 жылдан кейін табылған әйел тәжік жерінде қалай күнелткенін айтып берді
16 жасында ата-анасы көз жазып қалған Ә.Д. туған елге 35 жасында оралды. 19 жыл бойына жат жерде құжатсыз күн көрген Ә. елден не себепті кетіп қалғанын, ата-аналарымен неліктен байланысқа түсе алмағанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2000 жылдар отбасымыз үшін қиындау кезең болды. Әлеуметтік жағдайымыз аса бір керемет емес еді. Қазір ойланып отырсам, ол кезде көп отбасылар қиналған сияқты. Мен сол кезде пойызда тамақ сатып жүрдім. Бір стансадан отырып, екінші стансаға дейін су, тәтті сусындар, тәтті бөлкелер сияқты тамақтарды сататынмын. Сөйтіп, нәпақа тауып жүргенімде Душанбеге дейін апаратын пойызда бір тәжік жігітімен таныстым. Жап-жаспын ғой. Әлгі жігіттің мені "ұнатып қалдым" дегеніне сеніп, онымен бірге қол ұстасып, Душанбеден бір-ақ шықтым. Екеуміз бірге тұрдық. Ол маған үйленгісі келетінін айтты. Бірақ, ата-анасы рұқсат бермеді. Тәжіктерде ол жағынан ата дәстүрлері қатал екен. Жігіттеріне басқа ұлттың қызын алғызбайды. Сөйтіп, мен ол жігіттің екінші әйелі есебінде болдым. Маған бөлек пәтер жалдап берді. Мен сонда тұрып жаттым", - дейді Ә.
Жат жерде жүріп, тағдырдың талай теперішін көрген Ә. бір рет жүкті болғанын да айтты. Алайда бала дұрыс жетілмей, Ә.-ге ота жасалған.
"Қазақстаннан кетерде жеке басымды куәландыратын құжатымды алып үлгермеген едім. Әрі үлкен өмірге дайындығым да жоқ. Қазақстанға кері қайтқым келгенмен, оралудың амалын таба алмадым. Түрлі-түрлі жағдайларды бастан өткердім. Түрлі дәмханаларда даяшы болып жұмыс істедім. Бара-бара қазақ тілін де ұмыта бастадым. Тіпті, елге ораламын деген үмітім біржола сөнді", - дейді Ә.
Ә. әдеттегідей даяшы болып жүргенінде қазақстандық азамат ол жұмыс істейтін дәмханаға тамақтануға келеді. Ол атыраулық кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлы еді. Ә.-мен сөйлесе келе оның қазақстандық екенін және елге қайтқысы келетінін естігеннен кейін, кәсіпкер отандасымызға көмек қолын созады.
Кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлының өтінішімен іске сол кездегі сенатор Сәрсенбай Еңсегенов араласып, Сыртқы істер министрлігі, Тәжікстандағы Қазақстан елшілігіне шығып, Ә.-ні елге алып келуге ықпал етеді.
"Туған еліме оралғаныма қуаныштымын. Әлі күнге дейін шүкіршілігімді айтып отырамын. Өкінішке орай, әкем Табылған менің із-түзсіз жоғалғаныма құса болып, өмірден өтіп кетіпті. Әкемді көре алмадым. Қазір анамның қасындамын. Анамның ас-суын дайындап, қызмет қылып жүргеніме бақыттымын", - деді Ә.
Қазір Ә. Атыраудағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып істейді. Өзінің басынан өткен қилы тағдыры басқаларға сабақ болғанын қалайды.
"Қыз балаларға ата-анаңызды сыйлаңыздар, қадірін біліңіздер дегім келеді. Сол кезде тәжік жігітінің етегінен ұстап, артқа қарамай кеткеніме өкінемін. Егер басымнан ол жағдай өтпегенде, білім алып, қазір бір мамандықтың иесі болып отырар едім. Қыз балалар білім алып, өзін дамытуға жастайынан мән берсе екен", - деді Ә. бізбен қоштасарында.
Ата-анасы 19 жыл бойына іздеу салған Ә. 2019 жылы елге аман-есен оралған болатын. Адасып жүріп, үйірін тапқан қаракөзіміздің басынан кешкен жайы осындай...
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы