Алматыда жалғызбасты әйелдің үйіне кіріп, шабуыл жасаған 19 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 19 жастағы ер адам түнде жалғызбасты әйелдің пәтеріне кіріп, оны пышақпен қорқытып, жинаған ақшасы мен бағалы заттарын беруді талап еткен.
"Қатты қорыққан жәбірленуші оның айтқандарын бұлжытпай орындаған. Күдікті оның телефонын да иемденіп, кейін мобильдік қосымша арқылы банк шотындағы ақшасын шешіп алған", - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Оның айтуынша, әйелден полицияға арыз түсе салысымен дереу жедел топ құрылған. Нәтижесінде, қарақшылық шабуыл жасаған адам анықталып, қамауға алынды.
"Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол - Алматы облысы, Панфилов ауданының тұрғыны", - деп атап өтті полиция өкілі.