180 пайызға дейін табыс: Астанада S-Group қаржы пирамидасының әрекеті тексеріліп жатыр

180 пайызға дейін табыс: Астанада S-Group қаржы пирамидасының әрекеті тексеріліп жатыр
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Sincere Systems Group LTD (S-Group) қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

S-Group компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметін ұсынатынын мәлімдеген. Салымшыларға айына 15-20 пайыз, жылына 120-180 пайыз көлемінде табыс уәде етілген.

"Инвестициялық қызмет шынайы жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке кіруге рұқсат берілген, онда виртуалды депозиттер, табыстың өсімі және есептелген қаражат көрсетілген. Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажетіне жұмсалған", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.

Күдіктілер туралы

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты. Қылмыстық жолмен келген табысқа ұйымдастырушылар елордадан 2 пәтер және 2 көлік сатып алған. Оларды сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Күдіктілерге бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget