“180 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін“. Электркар жүргізушілері не білуі керек?

Электркар иелеріне қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін және оларға қандай тыйым бар? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Шектеулерге қарсымын - электркар иесі

Журналист Мейіржан Әуелханұлы үш айдан бері электркар тізгіндеп келе жатқанын, көлік өте тиімді екенін айтады. Алайда оның сөзінше, жаңа ереженің кесірінен Tesla айдағаны үшін мемлекетке 180 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін.

Журналист пәтердің тұрақтары мен жеке үйлерге орнатылған электрокарлардың қуаттағышына айыппұл салатын заңға қарсы. Оның пікірінше, жаңа заң – жаппай суперзаряд станциясын қойып, одан жеткілікті деңгейде пайда таба алмай қалған лоббистердің әрекеті.

"Электркары бар адам ретінде айтайын, суперчаржермен үнемі зарядтау көліктің ғұмырын қысқартады. Екіншіден, қаладағы суперчаржерлердің бағасы удай қымбат. Үшіншіден, суперчаржерлерде ұзын-сонар кезек пайда болады. Оның үстіне көп жерде электркар қуаттайтын қондырғының тұрағына жанармай көліктерін қойып кетеді. Мен ҚР азаматы және электр көлік иесі ретінде мұндай шектеулерге түбегейлі қарсымын! Бұл заң бойынша (Электр желілеріне рұқсатсыз қосылу) жеке тұлғаларға айыппұл 50 АЕК (180 мың теңге), ал бизнес иелеріне 500 АЕК (1,8 миллион теңге) айыппұл салынады екен", – деді ол.

depositphotos.com

Автосарапшы Төлеген Ахмади де Қазақстанда сапасына байланысты электркарларға деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Алайда басты мәселенің бірі оны қуаттауға кеп тіреледі.

"Электр көліктері қарапайым батарея принципімен жұмыс істейді. Белгілі бір шақырымды жүріп өткен соң көлікті қуаттау қажет. Еліміздің ұзақ жолдары үшін арнайы станциялар қажет еді. Осыдан 5-7 жыл бұрын көлемінде мұндай станциялар болмады. Қазір арнайы станциясыз, 220 вольттық қуат көзіне арнайы көліктердің қуаттандыру бөлшектері арқылы қуаттауға болады. Ал басты мәселе электр станцияларын орнатқан тұлғаларға айыппұл салу дұрыс емес", – дейді ол.

Энергетика министрлігі бұл заңды қалай түсіндірді?

Энергетика министрлігінің берген жауабына сүйенсек, тиісті заң аясында электр энергетикасы саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның ішінде электр желілеріне рұқсатсыз қосылуға тыйым салынған және бұл тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

  • Электр желіне рұқсат қосылу деген нені білдіреді?

"Электр желілеріне рұқсатсыз қосылу – электр энергетикасы саласындағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен техникалық шарттарды орындамай электр желілеріне қосылу. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, кейбір азаматтардың электр энергиясын ұрлауына мүмкіндік беретін жағдайлар бар. Бұл стандарт электр желісіне қандай электр қондырғысы қосылғанына қарамастан, барлық тұтынушының жауапкершілігін анықтайды", – деп жазылған жауапта.

  • Енді өз үйінде электркарларды қуаттауға тыйым салына ма?

"Үй техникалық шарттарға сәйкес электр желісіне қосылған болса, заң электрмобильдерін өз үйінде қуаттауға тыйым салмайды. Қуат жеткіліксіз болғандықтан, қосылған қуат ұлғайған жағдайда техникалық шарттарды алу қажет", – деп жазылған жауапта.

  • Тұрғын үй кешендеріне электрмен қуаттайтын станция салуға бола ма?

"Заң тұрғын үй кешендерінің тұрақтарына электрмен қуаттау станцияларын орнатуға мүмкіндік береді", – деп жазылған жауапта.

depositphotos.com

  • Кімдерге айыппұл салынады?

"Электр желілеріне рұқсатсыз қосылуға қатысты айыппұл электр желілік ұйымның желілеріне "техникалық шартсыз" қосылған тұтынушыларға ғана қолданылады. Бұл әкімшілік шара электр станциялар ғана емес, кез-келген рұқсатсыз қосылған электр құрылғыларға ортақ қолданылатынын атап өткен жөн. Техникалық шарттар дегеніміз - электр желілеріне қосылу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған электр желілік ұйымдардың қосылушыларға қоятын талаптары. Егер жеке тұрғын үй иесі электржелілік ұйымның желісіне заңнамада қарастырылған ретпен қосылған жағдайда, өз желісіне рұқсат етілген қуат шамасында өзі қалаған құрылғыларды қосуға құқылы. Мұндай қосылу заңсыз қосылу болып есептелмейді. Алайда көппәтерлі үй тұрғындары жерасты тұрақтарында электрқуаттау станциясын орнату үшін тиісті техникалық шарттарды алып, оларды орындауға мәжбүр болады, талаптарды орындағаннан соң "тұрмыстық емес" тұтынушы ретінде энергия жабдықтаушы ұйыммен келісім шарт жасасуы талап етіледі. Өз кезегінде жеке тұрғын үй иелері де өз еркінше, не рұқсат етілген қуат шамасы жетіспеген жағдайда техникалық шарт алып "тұрмыстық емес" тұтынушы ретінде екінші келісім шарт жасасуға құқылы.

Бір қарағанда "тұрмыстық тұтыну" тарифі "тұрмыстық емес тұтынудан" төменірек болып көрінгенімен ол тұтыну мөлшеріне сәйкес өседі. Ал электромобильдердің тұтынуы жоғары болуына (орта есеппен бір қуаттау 100 кВТ*сағат) байланысты "тұрмыстық тұтыну" тарифі электромобильшілер үшін тиімсіз. Алматы қаласы бойынша
тұрмыстық тұтыну тарифі 160 кВт сағат асқан жағдайда 42,93 теңге, тұрмыстық емес тұтыну тарифі - 32,89 теңге. Электромобильшілер үшін тиімді жағдай жасау мақсатында заң аясында осындай нормалар қарастырылды", - деп жазылған министрлік жауабында.

ІІМ электркар жүргізушілерге не үшін айыппұл салуы мүмкін?

Ішкі істер министрлігінің Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, "Жол жүрісі туралы" заңға сәйкес электркарлардың да, басқа көліктердің де жүргізушілері электрмен көлікті зарядтайтын орындарды тұрақ ретінде пайдалана алмайды. Яғни мұндай орындарға көлікті зарядтамай қоюға тыйым салынады.

Көлігін зарядтамай қойған жағдайда 5 АЕК (ӘҚБтК 597-баптың 1-бөлігі) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл дегеніміз – 18 460 теңге.

depositphotos.com

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!