“18 млн теңгеге пәтер жоқ“. Жастарға арналған бағдарламамен үй алғандар неге наразы?

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасымен баспаналы болғандар несие көлемі жеткіліксіз екенін айтып, жиі шағымданады. Massaget.kz тілшісі мәселеге шолу жасады.

Депутат не дейді?

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай да "Отау", "Наурыз" бағдарламаларын тілге тиек етіп, Қазақстанда тұрғын үй бағдарламалары көп екенін, алайда шарттары тиімсіз екенін айтты. Депутат айтқан мәселелер жастарға арналған бағдарламалардан да ("Алматы жастары", "Елорда жастары", т.с.с.) көрінеді.

 Депутат Наурыз Сайлаубай

  • Төлем қабілетін растауға, алғашқы жарнаға, айлық төлемге, пәтерді жөндеуге ақша жетпейді

Наурыз Сайлаубайдың сөзінше, "азаматтар төлем қабілетін растау, алғашқы жарна, айлық төлеммен бірге жаңа пәтерге жөндеу жасауға қаражат таппай, тарығып жүр".

"Елдің қолында осындай қажеттілікке жұмсайтын артық ақша жоқ. Оны мойындауымыз керек", - деді депутат.

  • Азаматтар жалақысының көп бөлігін ипотекаға жұмсайды

2024 жылдың 2-тоқсанындағы есеп бойынша орташа айлық көлемі - 403 251 теңге, ал медианалық жалақы - 278 296 теңге.

Депутаттың айтуынша, орташа жалақы алатын азаматтар ипотекаға айлығының 70 пайызын жұмсайды.

"Төмен жалақы алатын, яғни 278 296 теңге, не одан да төмен айлыққа күн көріп отырған отандастарымыз бұл бағдарламаларға мүлдем қатыса алмайды", - деді Наурыз Сайлаубай.

"Ірі қалаларда 18 миллион теңгеге пәтер жоқ"

Биыл "Алматы жастары" бағдарламасымен баспаналы болған қала тұрғыны (аты-жөнін көрсетпеуімізді сұрады - еск.) берілген несие көлемі жетпегендіктен, ұзақ уақыт үй іздеуге мәжбүр болғанын айтады.

Оның сөзінше, алғашқы жарна - 1 миллион 800 мың теңгені тапқанның өзінде, 18 миллион теңгеге Алматы нарығында үй табу қиын.

"Алғашында бүкіл Алматыны араладым. Алатау, Наурызбай аудандарын қарадым. Тіпті Құлжа тасжолының бойынан, Түрксіб ауданынан да қарадым. Бәрінде қымбат. Мен көрген ең арзан үй Райымбек даңғылы мен Әшімов көшелері қиылысында орналасқан, бағасы - 19 миллион 200 мың теңге. Ал "Нұрлы дала" тұрғын үй кешеніндегі бір бөлмелі пәтердің құны 22 миллион 800 мың теңге болды. "Алма сити", "Әлем сити" тұрғын үй кешендеріндегі 33 шаршы метрлік пәтер үшін 20, 21 миллион теңге сұрады. 18 миллион теңгеге "Ақкент" тұрғын үй кешенінен жөндеу жасалмаған пәтер алуға болатын еді. Бірақ орналасқан жері ұнамады", - деді алматылық.

Ол үй іздеу барысында қандай қиындықтар кездескенін де әңгімелеп берді.

  • "Ипотека болса, қымбатырақ сатады"

Алматы тұрғыны пәтер иелері ипотекаға рәсімдесең, қымбатқа сататынын айтады. Олар ипотека болғаны үшін салық төлейтінін айтқан.

"Мұндайда пәтер иелері 500 мың теңге немесе 1 миллион теңге қосады", - дейді ол.

  • "Риелтордың мәселесі бір бөлек"

"Риелторлардың қызметі 300-400 мың теңге тұрады. 18 миллион теңгеге үй іздеп жүрген адамның артық ақшасы болмайтыны анық. Алайда пәтер жарнамаларының 70 пайызын риелторлар ұсынған. 30, 40 пайызында ғана таза иелері", - дейді алматылық. 

depositphotos.com

  • "Банк қызметіне де төлейсің"

"Оған қоса банктің қызметіне 154 мың теңге төлейтінің тағы бар", - дейді алматылық.

  • "Бағдарламалар басталса, бағаны көтеріп жібереді"

Алматы тұрғынының сөзінше, бағдарлама басталған кезде пәтер иелері бағаны бірден көтереді.

"2-3 ай бұрын пәтер бағасы 20-21 миллион теңге болса, бағдарлама басталған кезде 23-24 миллион теңгеге көтеріліп кетеді. Осындайда нарықты комитет, құзырлы орган қадағаласа дейсің", - деді ол.

Мәселеге орай Massaget.kz бірқатар органға ресми сауал жолдады.

Сарапшы пікірі

Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожановтың осы мәселеге қатысты пікірін білдік.

Қайрат Қожанов

Сарапшының сөзінше, бағдарлама 2017 жылы бастау алған, ал 90 пайыз шарты сол күйінде қалған.

"10 пайыз алғашқы жарна деген керемет естіледі, бірақ берілетін сома - 18 миллион теңге. 20-25 миллион теңгенің үйін алғыңыз келсе, айырмашылығын қалтаңыздан шығарасыз. 2017 жылдан басталған бұл бағдарламаға өзгерістер қажет сияқты. Өйткені сол кездегі нарыққа, жалақыға, инфляцияға, үйдің бағасына есептелген. Алайда 7 жылдан аса уақыт өтіп бара жатыр. Үйдің бағасы өсті, инфляция көтерілді. 7 жылдағы инфляцияны есептейтін болсақ, 100 пайыздан асып кетеді. Сондықтан қазір өзгеріс ауадай қажет", - дейді ол. 

Қайрат Қожанов отбасылы адамдар 18 миллион теңгеге Алматыдан қалай пәтер алатынына таңғалатынын жеткізді. Сондықтан берілетін несиені 25 миллион теңгеге дейін көтеру қажет деген пікірде.

"Несиені кемінде 25 миллион теңгеге дейін өсірсе, алғашқы жарнаны 15-20 пайызға дейін көтеруді де қолдаймын. Өйткені 25 миллион теңгенің үйін алатын адамда кемінде 20 пайыз болғаны дұрыс. 25 миллион теңгенің үйін 10 пайыз құйып алса, алғашқы төлемнен бөлек, ай сайынғы төлем де ауыр болады", - деді ол. 

©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Сарапшы бұл бағдарламамен 2-3 балалы отбасылар да пәтер алатынын ескеру керек екенін айтады. 

"Қазір жастар алғашқы жарна жинау керек екенін түсінді. Сондықтан 18 миллион теңгенің үйіне 1 миллион 800 мың теңге алғашқы жарна Алматы қаласында өмір сүріп жатқан адамдар үшін қиын емес. Мәселен, екі балалы жас отбасылар 200-300 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Ал "Алматы жастары" бағдарламасымен айына 141 мың теңге төлейді. Сондықтан алғашқы жарнаны 15-20 пайызға дейін көтеру керек.

Сонымен қатар несие сомасын жоғарыда айтқанымдай, 25 миллион теңгеге дейін көтеруге болады. Мемлекетке жеңілдетілген несие болғандықтан тиімсіз болуы мүмкін. Бұл үшін 5 пайызды 7-8 пайызға дейін көтерсе, нарыққа сәйкес келеді. Бастысы - жастарды көбірек қамту. Олар үй алатын кезде де өзіне ұнайтын, сәйкес келетін үйді алса екен. 35 жасқа дейінгі отбасының 2-3 баласы болуы мүмкін. Мұндай отбасылар 18 миллион теңгенің үйіне сыймайды. Сондықтан балалары бар адамдарға да есептеп, 2-3 бөлмеге дейін қарастыру керек", - деді ол.

Айта кетейік, 2021 жылы "Алматы жастары" бағдарламасы аясында берілетін несие мөлшері 13 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін көтерілді.

Былтыр, биыл қанша адамға несие берілді?

2023 жылы "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1 100 азамат үйлі болды. 2024 жылы 7072 өтінім берілді. Нәтижесінде 1924 өтінім мақұлданды. 1200 өтінім беруші "Отбасы банк" АҚ-нан төлем қабілеттілігінен өту үшін жолдама алады. 724 қатысушы негізгі тізім бойынша төлем қабілеттілігін растау аяқталғанша резервте тұрды. Ал 5148 қатысушының құжаты қайтарылды. 

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Еске салайық, бұған дейін "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасы қорытындыланды.

Анықтама: "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейін азаматтар қатыса алады. Олар - денсаулық сақтау, білім  беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, БАҚ, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Өтініш берушінің некедегі әрбір жылы үшін 2 балл, 1 баласы болса, 1 балл, одан кейінгі әр балаға 2 балл, осы саладағы еңбек өтілінің әр жылы үшін 2 балл беріледі.

Бағдарлама аясында қарыздың ең жоғары сомасы - 18 миллион теңге. Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз, бұл - 1 миллион 800 мың теңге.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!