Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Б.Ж. Шайдуллин 9 жылға және жеке сот орындаушысы Р.М. Жанахметов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Олар сотталушыға бас бостандығынан айырудан бөлек жаза тағайындалады деген сылтаумен 18 млн теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы алу жолымен алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды", - деп жазылған хабарламада.
Қосымша жаза ретінде Шайдуллин мен Жанахметов өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2024 жылы маусымда Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталды. Сол жылы желтоқсанда агенттік Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы мен жеке сот орындаушысына қатысты тергеуді аяқтады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова