- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 18 миллиард теңгеге...
18 миллиард теңгеге жалған құжат жасаған: Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды
Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жосықсыз кәсіпкерлерге материалдық сыйақы үшін 6,8 миллиард теңге салық төлеуден жалтаруға көмектескен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның 9 мүшесі 26 еншілес компанияны тіркеп, олардың атынан 4 жыл ішінде 18 миллиард теңгеден аса сомаға жалған шот-фактуралар жазып бергені дәлелденген.
"Бұл қылмыстық топтың қызметін 225 кәсіпорын пайдаланған, оның ішінде энергия тасымалдаушы компания өз шығындарын асыра көрсетіп, электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген. Ұйымдасқан қылмыстық топты жою нәтижесінде бақылаудағы компанияларды тіркеу заңсыз деп танылды, сатып алушыларға 560 миллион теңгеден аса сомаға салық төлеу туралы хабарламалар берілді, электр энергиясын тұтынушылар үшін 580 миллион теңгеден аса сома тариф қайтарылды", - делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде, қалған мүшелері 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан