18 көлік соқтығысқан оқиғаға қатысты қазіргі жағдай белгілі болды

Фото: Видео кадры

ҚазАвтоЖол 18 көлік соқтығысқан оқиғаға қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір жол бойынан 18 көліктің 16-сы шығарылған.

"Екі көлік бөлгіш жолақтың бойында эвакуатор қызметін күтіп тұр", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Алматы-Өскемен тасжолында қозғалыс ашық. Оқиғадан кейін жол қызметі жол бойын тазалап өткен.

Айта кетейік, оқиға Алматы-Өскемен тасжолында болған. 15 қаңтарда сағат 07:30 шамасында Алматы-Өскемен тасжолының (Алматы - Қонаев бағыты) 28-шақырымында 18 көлік жол апатына ұшырады.

ҚазАвтоЖол мәліметінше, жол апаты қалың тұманның салдарынан болған.

"Алдын ала ақпарат бойынша жол апатының себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін және қашықты сақтамауы болды. Оқиға болған жол учаскесі ІА техникалық санатына жатады, 6 жолағы бар. Жол құрғақ, ақаулары мен бөгде заттары болмаған. Апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтыланады", - деді бұған дейін ҚазАвтоЖол.

95 көлік соқтығысқан оқиға

Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучинск тасжолында 40 көлік соқтығысты. Ақмола облысы Біржан сал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында күн (боран) бұзылды.

Кейінірек Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан көліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова