18 жастан кейін алатын 3 мың доллар: бұл сомаға не келеді?

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың шотына аудару бағдарламасын айтқан. Оны балалар 18 жасқа толғанда бірақ алады. "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы 2024 жылы басталады. 

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Жеделбайдың айтуынша, бала 18 жасқа толғанда, шотында 3 мың АҚШ доллары жиналып қалады. Әзірше бұл ақшаны кейін қайда және қалай жаратуға болатыны нақты айтылмады. 18 жылдан кейін бұл сомаға не алуға болатыны да белгісіз. Massaget.kz тілшісі мұндай сома 18 жастағы балаға қазіргі уақытта берілсе, 2022 жылы не алуға болатынын зерттеп көрді.

1 курстың ақысын төлеуге болады

Дәл қазіргі бағаммен есептесек, 3 мың доллар - 1 421 757 теңге.

Алдымен еліміздегі кей университеттің оқу ақысын қарап көрейік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2022-2023 жылдағы оқу жылына арналған оқу ақысын қарап шықтық. Көптеген мамандықта оқу ақысы - миллион теңге. "Халықаралық қарым-қатынас" факультетіне түссеңіз, 1 300 000 теңге төлейсіз. 

Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте былтырғы оқу ақысы 950 мың мен миллион арасында болған. 

Яғни, жиналған ақшаны оқу ақысына жаратамын десеңіз, ұлттық университеттерде бір курсты ғана төлей аласыз


Фото:elements.envato.com

Қазақстанда 1,4 миллион теңгені алғашқы жарна ретінде төлеп, үй алуға болатын бағдарлама жоқ. "Алматы жастары" секілді бағдарламаларда алғашқы жарна - 10 пайыз, яғни 1,8 миллион теңге. Демек, бала шотына жиналған ақшаның үстіне тағы 400 мыңдай қосу керек. 

Одан бөлек, бұл сомаға iPhone 13 смартфонының үшеуін сатып алуға болады. Онлайн дүкендерге қарасақ, бұл смартфонның ең арзан нұсқасы - 445 мың теңге тұрады. 


© Computerworld

Елдегі туроператорлар ұсынған мәліметтер бойынша, 1,4 миллион теңгеге екі адам болып, екі рет Түркияға барып келуге болады. Дәл осылай, Мысыр не Дубайға да екі реттен бара аласыз.

11 мың нан, 2,5 мың литр сүт

1,4 миллион теңгемен студенттерге ең қажет заттарды неше рет алуға болатынын есептейік. Мысалы, Алматыда жалдамалы бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы - 150 мың теңге. Жиналған сомаға бірден 9 айға пәтер ақысын төлеп тастауға болады. 

Егер қоғамдық көлікпен жүретін болсаңыз, 80 теңге жолақысымен 17 771 рет автобусқа отыра аласыз. Ал өз көлігіңіз болса, 7 811 литр АИ-92 маркалы жанармай құюға болады.

Не болмаса, бұл сомаға 11 847 нан ала аласыз. 2 585 сүт немесе 947 шұжық алуға болады. Одан бөлек, үйіңізге 3 754 келі картоп әкелуіңізге болады. Не болмаса, 3 мың келі ұн, 361 келі ет сатып ала аласыз.

1200 теңгелік донерді 1 184 рет жеуге болады. Төрт курс бойы, қарныңыз ашпайтыны анық. Жалпы, түскі ас пен кешкі асқа күніне 3 мың теңге жұмсап отырсаңыз, 474 күн бойы қиналмайсыз.


Фото: Tengrinews.kz

Бұл сомаға 1 777 рет Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына билет сатып алуға болады. Одан бөлек, 947 рет киноға барып келе аласыз. 

Ал дене шынықтырамын десеңіз, фитнес-залға бірден 47 айға төлеп тастауға болады.  

1,4 миллион теңгеге студент не ала алады?

18 жасқа толып, 1-курсқа түскелі жатқан студент 1,4 миллион теңгеге ең керектерден не ала алады? Есептеп көрейік. Алдымен, студентке жақсы смартфон керек. Сеніңіз, жақсы смартфон алсаңыз, кейін өкінбейсіз. Бұған 350 мың теңге жұмсайық. Ал оның маркасын өзіңіз таңдап аларсыз. 

Одан кейін студентке ноутбук те өте маңызды. Керек сәтінде қатып, қолайсыз сәтке түсірмеуі үшін 250 мың теңгеге жақсырағын алайық.

Кейбірі мүмкіндік болса принтер де сатып алуға кеңес береді. Себебі төрт жылда талай рет принтерге мәжбүр боласыз. Оған қағаз және бояуларымен бірге орта есеппен 100 мың теңге жұмсаңыз.

Одан бөлек 15 мың теңгеге Power Bank пен 5 мың теңгеге жақсы флеш-карта керек. 

Электрсамокат. Әрине, бұл міндетті емес. Бірақ алматылық жастар қазір көлікке қарағанда электрсамокаттарды құп көреді. Себебі қалада веложолдар салынып, кептелістен қашқандар электрсамокат мініп жатыр. Оның үстіне такси мен қоғамдық көлікке де ақша құртпайсыз. Электрсамокатты қазір 140 мың теңгеге сатып алуға болады. 


Фото: Әлихан Сариев

Осының бәріне бізде 860 мың теңге жұмсалып тұр. 200 мың теңгеге гардеробыңызды толықтай жаңартып алуға болады. Casual стиліндегі киімдер, рюкзак, кеңсе тауарлары керек. Одан бөлек, кей мамандықта қосымша заттар, техникалар қажет болуы мүмкін.  

Әрине, бұл тек біздің топшылауымыз. Бала 18 жасқа толған соң есепшотында жиналған қаражат өзіне тікелей берілмей, оқу орнына не пәтер алатын болса, банкке жіберілуі де әбден мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!