“179 адам қаза тапты“. Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатының себебі айтылды

Оңтүстік Кореяның Муан қаласындағы әуежайда Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына "фатальді сәйкестіктердің" себеп болғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The New York Times (NYT) басылымына сілтеме жасап.

179 адамның өмірін қиған әуе апаты 29 желтоқсанға қараған түні болды. Бангкоктан ұшып келген ұшақтың шассиі істен шыққандықтан, ол фюзеляжына қонып, ұшу-қону жолағынан сырғанап бетон құрылысына соқтығысып, кейіннен жарылып, өртеніп кеткен. Ұшақ бортында 181 адам болған, олардың тек екі экипаж мүшесі аман қалды.

Билік мәліметінше, ұшқыш құстар тобы әуе кеңістігінде байқалғаны туралы хабарланғаннан екі минут өткен соң диспетчерлік пунктке құспен соқтығысқанын және төтенше жағдай болғанын хабарлаған. Ұшқыш "айналма маневр" жасайтынын, яғни бірінші қону әрекетінен бас тартып, екінші қонуға дайындалу үшін әуеде айналатынын мәлімдеген. Алайда ол толық айналым жасамай, бір минуттан кейін ұшу-қону жолағына жақындай бастаған. Одан кейін үш минут өткенде ұшақ бетон құрылысқа соқтығысып, жарылыс болған.

"Ең үлкен сұрақ - неге ұшқыш қонуға соншалықты асықты?" - дейді Корея авиациялық қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы Хван Хо Вон.

Оның айтуынша, шасси істен шыққан жағдайда ұшқыштар әдетте қонуға асықпай, отынды азайтып, жердегі персоналға төтенше жағдайға дайындалуға уақыт береді. Бірақ бұл жағдайда ұшқыш уақыт жетпейді деп шешкен сияқты.

"Оның екі қозғалтқышы істен шықты ма? Осындай асығыстықпен қону туралы шешімге адам қателігі себеп болды ма?" - дейді сарапшы.

NYT жазуынша, рейс кестеден жарты сағатқа кешігіп келген, ал ұшқыштың ұшу тәжірибесі жеті мың сағатқа жуық болған. Корея ашық кибер университетінің қоғамдық қауіпсіздік профессоры Пэк Сын Чжу қозғалтқыштың істен шығуы шассидің жұмысына әсер етпейтінін, бірақ бұл жағдайда екеуінің де қатар істен шығуы ұшқышты фюзеляжға бірнеше минутта қонуға мәжбүр еткенін айтты.

Трагедияға алып келген тағы бір фактор - Муан әуежайындағы ұшу-қону жолағының ұзындығы. Әдетте, ол 9,2 мың фут (2,8 шақырым) болатын, бірақ апат күні құрылыс жұмыстарына байланысты тек 8,2 мың фут (шамамен 2,5 шақырым) қолжетімді болған. Билік бұл қашықтық Boeing 737-800 ұшағының қонуына жеткілікті екенін айтқанымен, апатқа ұшыраған ұшақ ұшу-қону жолағының әдеттегіден әрі қонғанын атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, егер ұшу-қону жолағының соңында ұшақтың қону траекториясын дұрыс сақтауға көмектесетін бетон антенна локализаторы орнатылмаса немесе ол берік бекітілген болса, трагедияның алдын алуға болатын еді. Дәл осы құрылысқа соқтығысқаннан кейін ұшақ жарылған.

Оңтүстік Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің авиациялық саясат директоры Джу Джонг-Ван антеннаның ережеге сай орнатылғанын және оның айналасында топырақ қорғаны болғанын мәлімдеді. Алайда үкімет бұл талаптарды қайта қарау мүмкіндігін зерттемек.

Сонымен қатар NYT дерегінше, ұшақ бетон құрылыспен соқтығысқанға дейін-ақ проблемаларға тап болған. Авиация сарапшыларының айтуынша, қону кезінде ұшқыш қозғалтқыштар мен шасси жүйесін басқара алмаған. Бұл оны жылдамдықты азайту үшін негізгі үш құралдан айырыпты: шасси арқылы тежелу, қозғалтқыштардың кері тартылуы және жылдамдықты азайтуға арналған қақпақтарды қолдану.

Оңтүстік Корея университетінің авиациялық сарапшысы Хюнгвун Джей Ю. Юнг бір қозғалтқыш құспен соқтығысудан істен шыққан жағдайда да ұшқыш басқа қозғалтқыштың қуатымен гидравликалық сорғыны іске қосып, шассиді түсіре алатынын айтты. Сарапшылардың пікірінше, екі қозғалтқыш бірдей істен шықса да, шассиді қолмен түсіруге болады. Бірақ қонуға деген асығыстық ұшқыштың бұған уақыты болмағанын көрсетті.

"Мұндай сұрақтарға жауап - қара жәшік деректері зерттелмейінше табылмайды", - деді Юнг мырза.

Қара жәшік табылғанымен, оның бір бөлігі бүлінген, сондықтан деректерді қалпына келтіру үшін уақыт қажет болуы мүмкін, - деп мәлімдеді Джу Джонг-Ван.

Ұлыбританияның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Дэвид Лермонт экипаж бен жолаушылардың өліміне ұшу-қону жолағының артындағы бетон құрылыспен соқтығыс себеп болғанын атап өтті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз