17,5 млн теңгенің қосалқы бөлшектерін ұрлаған қостанайлық 5 жылға сотталуы мүмкін

Қостанай облысында көліктің 17,5 млн теңге тұратын қосалқы бөлшектерін ұрлағандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға Ақтөбеден Қарағандыға қосалқы бөлшектерді тасымалдаған фураның жүргізушісі Қостанай ауданы Айсары кентінің маңында демалуға тоқтаған кезде болған. Жүргізуші жүктің бір бөлігі жоғалып кеткенін межелі жерге жеткен кезде анықтаған. Жедел уәкілдер қылмыс жасады деген күдікпен Қостанай облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. 

Жүргізуші демалып жатқанда қаскүнемдер тіркемедегі құлыпты ашып, 5 қораптан қосалқы бөлшектерді ұрлап кеткен. Полиция ұрланған барлық бөлшектерді тұрғылықты жері бойынша күдіктілердің бірінен тауып, айғақты заттар ретінде алды. Ұрлық фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Қазір қылмыстық іс одан әрі сотқа жіберілу үшін прокуратураға берілді. Полиция қызметкерлері ұрылардың бұрын таныс болғанын және қазіргі уақытта басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатқанын атап өтті. Екі күдіктінің мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз