“17 теңгеге автобусқа билет ала алмайсыз“. “Қазпошта“ басшысы газет-журнал туралы сұраққа

“17 теңгеге автобусқа билет ала алмайсыз“. “Қазпошта“ басшысы газет-журнал туралы сұраққа
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Қазпошта" арқылы газет-журнал, кітаптарды жеткізу мәселесіне қатысты сұрақ қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Атып тастасаңыз да, консерватор адаммын" - Айдос Сарым 

"Пошта дегеніміз қашан да қоғам қалыптастырушы, қауым қалыптастырушы ұйым болып келген. Кітап, газет, журнал оқу тұрғысында не істеп отырсыздар? Атып тастасаңыз да, консерватор адаммын. Газет-журнал, кітап дегенді тірідей оқығанды жақсы көремін. Менің ойымша, газет-кітап өледі деген - жаңсақ пікір. Оны дұрыс насихаттасақ, орнын табады. Өзіңіз 3000 мекеме, 20 мың адам ("Қазпошта" ғимараттары мен штаты туралы - еск.) дедіңіз. Сол адамды сақтаудың жолы да кітап пен газет жеткізу. Қазақтың баспагерлерімен, редакцияларымен қандай қарым-қатынастасыздар?", - деді депутат.

Әсел Жанасованың жауабы

"Қазпошта" АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова бұл сауалға жауап берді.

"Адамдар "газеттер мен журналдарды "Қазпошта" өлтіреді" деп көп айтады. Шынын айтайын, ауыл мен қаланы жалғастыратын қантамырмыз. Оның байланысын үзбейміз. Проблемалар жылдар бойы келе жатқаны - бір жеткізу тарифі 17 теңге тұратынында. 17 теңгеге автобусқа билет ала алмайсыз. Қаражат өз деңгейінде бөлінсе, газет-журналдардың жағдайы жақсарады", - деді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы талқыланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова