Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді. Жоспарда Денсаулық сақтау министрлігінің, әкімдер мен басқа да ведомстволардың ұсынысы ескерілген.
1) 17 тамыздан бастап мынадай қызмет түрлері қайта жұмыс істей бастайды:
• СОСО, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 адамға – 4 шаршы метр);
• сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 адамға – 4 шаршы метр);
• бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 адамға – 5 шаршы метр), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 адамға 4 шаршы метр);
• балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топтарда – 5 адамнан артық емес, алдын ала жазылу бойынша);
• мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес);
• ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, маска тағу, адамдар ағынын реттеу).
Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80%-ына қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылған.
2) 17 тамыздан бастап ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командаларына спорт жаттығуларын жасауға (30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы шараларды және алдын алу шараларын сақтау) рұқсат етіледі.
3) Биылғы 17 тамыздан бастап қоғамдық көліктер соңғы аялдамада дезинфекциялау мен желдетуді қамтамасыз етумен, отырғызу орындарының толуына қарай жүре бастайды.
4) Сонымен бірге карантиндегі мына шектеулер сақталады:
• ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге;
• барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына;
• мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге;
• бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына;
• діни нысандардың жұмысына;
• қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға.
5. Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.
"Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережеге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастауы керек", - деді Үкімет басшысы.