- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 17 мың халық...
17 мың халық жарықсыз, ондаған нысан шатырсыз қалды: Ақмолада дауылдан келген шығын көлемі қандай?
Ақмола облысында 18 қарашадағы қатты дауылдан кейін облыс бойынша келтірілген шығын көлемі анықталды. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өңірдің бірнеше аймағында ғимараттардың шатыры ұшып, 77 елдімекенде тұратын 17 мыңға жуық халық жарықсыз қалып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, секундына 20 метр жылдамдықпен соққан қатты дауыл салдарынан облыс аумағындағы 25 көлік жолы жабылған. Олардың 13-і республикалық маңызға ие. Боран кезінде жолға шығып кеткен 149 көлік кептелісте қалған. Боран кезінде облыс аумағындағы электр энергиясы желілеріне көп зақым келгені анықталды.
"Облыстың сегіз ауданында және Қосшы қаласында электр жарығы ажыратылған. Жалпы саны 77 елдімекенде тұратын 16900 адам жарықсыз қалды. Қазір электрмен жабдықтау жұмыстары толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Көкшетау және Қосшы қалаларында және 5 ауданда ғимараттар мен үйлердің шатырлары ұшқан. Аршалы ауданының Бірсуат ауылында су айдау мұнарасы құлап, халық тәулікке жуық уақыт сусыз қалған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Абырой болғанда, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Қосшы қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйдің, Көкшетау қаласында "Орталық әмбебап дүкеннің", "Ұрпақ" ЖШС-нің, Аршалы ауданы Бұлақсай ауылындағы мәдениет үйінің, Аршалы кентінде 5 қабатты тұрғын үйдің, Целиноград ауданы Ынтымақ ауылындағы мектеп спорт залының, Жақсы ауданының Жаңа Қима ауылында аудан әкімдігі ғимаратының, Ерейментау ауданында Б.Жахин атындағы орта мектептің, Қорғалжын ауданында ветеринариялық станция ғимаратының, Аршалы кентінде балабақша мен мектеп ғимаратының, Шортанды ауданының Ключи селосында мектеп ғимаратының шатыры ұшқан.
Жалпы 2 көпқабатты үй, 4 мектеп, 1 балабақша, 1 сауда үйі, 2 әкімшілік ғимарат пен 1 мәдениет үйіне зақым келген болып шықты. Қазір құзырлы органдар бұл нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz