Белгілі журналист Руслан Есмағамбетов 17 жыл құлдықта болған Назгүл мен Құндыздың тағдырына қатысты жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ардақты ағайын! Назгүл мен Құндыз қарындастарымыздың құлдықтан құтылғандарына 3 ай уақыт болды! 17 жылдық азап пен тозақты ұмыту үшін 3 ай әлбетте аздық етеді. Десе де "Көреміз" ұжымы екі қарындасымыздың болашағы баянды болу үшін бар жағдаятты жасап жатыр. Оған сеп болған сіздердің қолдауларыңыз!
Әлеуметтік желіде маған қатысты жалған ақпараттар өріп жүр. Арамза арандатушыларға сенбеңіздер. Қыздарды ешқандай туысына бермейміз. Себебі бұл қыздардың сіз бен бізден басқа сенер ешкімі жоқ. Үш айдан бері қыздар Алматы қаласында тұрады. Сіздерден жиналған қаражатқа қыздарға пәтер жалдадық. Апалы-сіңліге бас-көз болсын деп күтуші алдық. Күнделікті дәрі-дәрмегі мен жолына қаражаттар жұмсалып жатыр! Сондықтан екі қызға деп ақша аударған барша жанға Алла разы болсын!", - деп жазды журналист.
Журналист мақсаты қыздардың денсаулықтарын ретке келтіріп, қоғамға қосу, ортаға бейімдеу екенін атап өтті.
"Алда атқарылар жұмыстар өте көп! Бастысы қос қызға сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет!
Қыздарды сағындыңыздар ма?", - дейді Руслан Есмағамбетов.
17 жыл құлдықта болған қыздардың аға-жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Еске салайық, Түркістан облысында апалы-сіңілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болғаны хабарланған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасына айтқан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз