- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 17 жыл бұрын...
17 жыл бұрын Шымкентте жаппай АИТВ жұқтырған балалар бүгінде қандай жеңілдіктерге ие?
2006 жылы Шымкентте балалардың жаппай АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген болатын. Сол балалардың қазіргі жағдайы қандай? Олардың қаншасына мүгедектік берілген? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы арнайы жауап берді.
Ведомство мәліметінше, АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін балалардың денсаулығы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің үнемі бақылауында.
"Оларға Шымкент қаласында орналасқан "Ана мен бала" оңалту орталығында медициналық көмек көрсетіледі. Бүгінде 138 балаға мүгедектік тағайындалған және 7 балаға мүгедектік тағайындалу үстінде", - дейді басқама өкілдері.
"Ана мен бала" оңалту орталығында балалардың денсаулығына динамикалық бақылау, зертханалық талдаулар, консультативтік-диагностикалық көмек пен психологиялық қолдау жүргізіледі.
"Сондай-ақ, амбулаторлық және стационарлық деңгейде антиретровирустық дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Жыл сайын ата-аналарымен бірге "Біркөлік", "Сарыағаш", "Ақсу-Жабағылы" шипажайларында санаторлық-курорттық емге жолданады. АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін балаларға күнделікті тұрмыста ешқандай шектеулер жоқ", - делінген ресми жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина