17 жыл бойы құлдықта болған апалы-сіңліні жаңа қамқоршы қарауына алды

17 жыл бойы құлдықта болған апалы-сіңліні жаңа қамқоршы қарауына алды
Фото: "Көреміз"

Түркістан облысында 1991 жылғы Назгүл мен 1996 жылғы Құндызды туған ағасы 17 жыл бойы еңбек құлдығына жеккен. Былтыр Назгүл мен Құндыздың жантүршігерлік оқиғасы "Көреміз" бағдарламасында айтылды. 1 жыл бойы телебағдарлама редакциясының қарауында болған апалы-сіңліні жаңа заңды қамқоршы қамқорлығына алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зүлфия Төленова барлығы 37 балаға бас-көз болған. Оның 13-і отау құрған, бүгінде 21 немересі бар. 

"Қазір менімен 12 бала тұрады. Назгүл мен Құндызбен 1-2 ай шамасында бірге тұрдық. Қазіргі уақытты қыздардың заңды қамқоршысымын. Шаңырағымдағы әрбір баланың өмірде орнын табуына көмектесемін. Менің есігім 24 сағат бойы ашық", - деді ол.

Бүгінде қыздар ойын еркін жеткізетін күйге жеткен. 

"Қой бағып жүретін едік. Күн ыстықта тәтем үшеуміз тезек жасайтынбыз. Кейін ол тезекті жинаймыз, жаман, қапқара боп кетттік қой. Мал бағып жүрген кезде шаршайтынбыз, қазір әдемі боп қалдық, аппақ боп. Шашы ол кезде қысқа еді, қазір өсті", - деді Назгүл.

Кейінірек Назгүл бір күні қалай өтетінін айтып берді.

"Тәте тамақты өзі істейді. Мен үй жинауға көмектесемін. Құндыз жатады, мен оны жатқызамын, үстін жабамын. Сурет салғанды жақсы көремін. Таңертең оянғаннан кейін сурет салуға кетеміз. Түстен кейін 16:00-де дайындыққа барамыз", - деді Назгүл. 

Бұдан әрі Назгүл мен Құндыз Таразда заңды қамқоршысымен бірге тұрады.

"Бұл қыздардың сыныптастарына, бағдарлама редакциясына алғысым шексіз. Халықтың, сіздердің алдарыңызда мен сөз бере аламын. Өйткені мен өзіме сенемін", - деді Зүлфия Төленова.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында апалы-сіңлі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болғаны хабарланған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары "Көреміз" бағдарламасында айтқан.

Кейін қыздардың өмірі туралы жаңа дерек айтылды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә