Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынғанын еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл норма "Құқықбұзушылық профилактикасы" туралы заңның 75-бабы 3-тармағында көзделген. Адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киім кию - құқықбұзушылық.
Бұл тыйым ауа райына және медициналық ұсыныстарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ, қызметтік міндетін атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды.
"ӘҚБтК-нің 434-3-бабына сәйкес алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту жасалады. Бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады", - деді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, қазір осындай құқықбұзушылық үшін 1613 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстанда бет-әлпетті тұмшалайтын киімге айыппұл салынатыны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!