Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі Қайрат Беркінбаев туралы жантебірентерлік жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі туралы жазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Сенсіз өткен бір жұма… Алланың әміріне қарсы тұра алмаймын, білем. "Қабылда, әрі қарай ұмтыл", - дейсіздер, түсінем… Бірақ ойылып қалған жүрегімнің бөлшегінің орны ойсырап тұрғанда, қалай әрі қарай ұмтыламын?! Соңғы жүздесуіміз Ыстамбұлға барар алдын еді. "Ләйлә, балаларды алып, 3-4 күнге болса да барып келіңдер. Мен жұмыстан босамаймын, балалар бір демалып келсін", - деп ерекше еміреніп шығарып салып еді…
⠀
Әдетте Қайрекем эмоцияға берілмейтін. Сол күні ұлдарды қайта-қайта сүйіп, жүктеріне дейін көтеріп, қол бұлғап ұзақ тұрды… Демалыстан елге ұшар алдын да қайта-қайта хабарласып, амандығымызды сұрап, үйде күтетінін айтты…Мына сурет пен видео да сол саяхатқа шығарып салып жатқан сәтінен. Әдетте адам алдын ала сезеді деуші еді, сезді ме, білмеймін. Сап сау серігімнің жүрегі бір сәтте тоқтады да қалды… 16 жыл, 210 ай, 7305 күн жанымда болғаның үшін, жадымдағы әр сәт үшін саған алғысымды білдіремін. Сен сияқты мені ешкім еркелетіп, сен сияқты мені ешкім түсінген емес. Енді бұл жолы сен туралы жиі айтуыма қарсы болмассың…", - деп жазды тележүргізуші.
Еске салайық, 6 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті Қайрат Беркінбаев өмірден өтті.
Қайрат Беркінбаев 2019 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі "Барыс" мемлекеттік орденімен марапатталған еді. Қайрат Беркінбаев - қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!