16 жастағы Шерзат қаза тапқан күні ауруханаға тағы екі адам түскен

16 жастағы Шерзат қаза тапқан төбелесте жарақат алған адамдардың жағдайы қандай екені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Талғар орталық аудандық ауруханасының директорының медицина бөлімі бойынша орынбасары Ғалымжан Есенәлиевтің сөзінше, бір топ жігіттердің төбелесінен кейін жалпы үш адам ауруханаға түскен. Оның ішінде Шерзат та бар. 

4 қазанда сағат 00.58-де Шерзаттың әкесі өзімен бірге екі адам алып келген. Біреуі кеуде және жүрек тұсынан жарақат алған. 30 минут көлемінде оның жүрегіне реанимация жасалған. Алайда артынша науқаста биологиялық өлім тіркелген. Бұл науқас - марқұм Шерзат болған еді.

"Екінші науқасты травмотолог дәрігерлер қабылдады. Науқас бас-ми жарақатын алған, сырылған жарақаттары да болды. Шынтағы мен бөксе аймағында жарақаттары болды. Бастапқыда ауруханаға жатқызылды, кейіннен үйіне жіберілді. Үшінші адам бастапқы екі адамнан кейін бір сағаттан соң жедел жәрдеммен жеткізілді. Травматологтар медициналық көмек көрсетіп, артынша науқас үйіне жіберілді. Шерзатты аман алып қалу мүмкін болмады", - дейді Ғалымжан Есенәлиев.     


Фотода Ғалымжан Есенәлиев / Massaget.kz

Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. 

Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген.  Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан. 

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!