16 жастағы қарағандылық мерген Көкшетаудағы жамбы атудан ел біріншілігінде тарихи рекорд орнатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жастар мен ересектер арасындағы чемпионатта ҚР жамбы ату федерациясы чемпионаттан тыс ат қылына байланған тайтұяқты нысанаға тіккен болатын. Оған қоса 300 мың теңге жүлдесі бар.
Қызығы сол, оны көздеуде "менмін" деген мергендердің өзі мүлт кетіп жатты. Жастар да, ересектер де. Тайтұяқ та, жүлде де бұл жолы ешкімге бұйырмайды деп ойлады көбі.
"Жарыстың соңғы күндерінде жасөспірімдерге мүмкіндік берілді. Бұғанасы қатпаса да ат үстіндегі бала мергендердің арасынан Нұрасыл Оралхан тайтұяққа жебесін дәл тигізіп, тарихи рекорд орнатты. Тайтұяқ фарфордан құйылған, 4 метр биіктікте ат қылына байланған", - деді федерация президенті Еркебұлан Ілиясов.
Мергендер атпен 120 метр қашықтықта шауып өтіп, нысананы көздеді. Сондай-ақ осыған дейін жамбышылар қазақ, түрік, корей стильдерінде атып, үш нысананың жиынтығында жеңімпаз анықталатын. Биылғы чемпионатта үш нысана бойынша үш бөлек орындар мен жеңімпаздар анықталып, ұлттық құрама мүшелерінің саны үш есе артты.
Чемпионат қорытындысы бойынша ересектер арасында Жамбыл облысы, жастар мен жасөспірімдер арасында Түркістан облысы үздік атанды.
Аталған чемпионатты ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР жамбы ату федерациясы мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырды. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚР ұлттық спорт қауымдастығы тағайындаған 3 675 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры табысталды.
Спортшылар 27 маусым күні Венгрияның Помаз қаласында өтетін Әлем кубогына дайындық үстінде.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!