159 миллион теңгеге орнатылған көше шамдары жанбай тұр

Маңғыстауда мердігер компания жол бойына талапқа сай келмейтін шам орнатып, бюджеттің 159 млн теңгесін иемденген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мердігер компания былтыр "Адай" автобазасы мен Баянды ауылы арасындағы жолды жарықтандыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 249 миллион теңгенің жобасын ұтып алған. Соған сәйкес, келісімшарт бойынша 4 айда трасса жиегіне электр үнемдегіш шамдарды орнатуы тиіс болған.

 

Алайда, мердігер жобалық-сметалық құжатта көрсетілген шамның орнына қарапайым шамдар орнатқан. Бірақ сол жұмысы үшін компанияның шотына бюджеттен 159 миллион теңге аударылыпты.  

Мұнайлы аудандық әкімдігі жұмысты уақытында аяқтамаған мердігерді сотқа берген.  

"Алғашқы сотта жеңіске жеткен болатынбыз. Бірақ, "Элком" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аппелляциялық шағым түсірді. Қазіргі таңда аппелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалды. Мердігерден 1 млн 700 мың теңге көлемінде өсімпұл өндірілетін болды. Сондай-ақ, оған жобаны 2 ай мерзімде аяқтап, тапсыру міндеттелді", - дейді Мұнайлы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Едігеев.  

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!