- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 156 мың қазақстандық...
156 мың қазақстандық өзін құмар ойыннан шектеді
Қазақстанда 156 мың адам өзін құмар ойыннан шектеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Осынша азамат eGov mobile қосымшасындағы арнайы қызмет түрін пайдаланған. Нәтижесінде, ойыншы жарты жыл немесе одан ұзақ мерзімге букмекерлік кеңсе немесе онлайн казиноға ақша сала алмайды. Салаға жауапты Туризм және спорт министрлігінің өкілдерінің мәліметінше, өтініш берушілердің саны күн сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Елімізде 150 мыңнан астам адам құмар ойыннан өз еркімен бас тартты. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде. Олар Электронды үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы бәс тігуге бұғат қою қызметін пайдаланған. 4 мыңға жуығы өз-өзіне шектеуді жазбаша түрде рәсімдеді.
"Өз-өзіне тыйым салу дегеніңіз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға бәс тігуге қолжетімділікті шектеуді білдіреді. Яғни адам ақша сала алмайды. Адам өзіне сондай шектеу қойған болса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар оны тізімнен іздейді. Сәйкесінше, тізімге енгізілген адамға құмар ойын ойнауға жол берілмейді. Егер оған қарамастан ойынға қатыстырылса, азамат бізге жүгінуі керек. Біз тиісті шара қабылдаймыз", - деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті басқармасының бас сарапшысы Лаура Елеусізова.
Құмар ойыннан бас тартқандардың 87%-і – 25 пен 45 жас аралығындағы ерлер. Шектеуді әр азамат 6 айдан 1 жылға дейін рәсімдей алады. Қалауынша мерзімін ұзартуға болады. Ал өтінішті кері қайтарып алуға мүмкіндік жоқ. Қызметті пайдасына жаратқандардың бірі – Ерік Жанділдә.
"Бұл – біздің елдегі үлкен мәселе. Көп адамға қатысы бар болғандықтан, тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өзім 15 жыл бойы ойынға тәуелді болдым. Қазір лудомания проблемасын көп көтеремін. Тапқан жалақыңды 30 секундта ұтылып қалу, қарызға белшеден бату, денсаулығың сыр беру, шаңырақтан береке кетуі – осының бәрі маған таныс, басымнан өтті", - деді алматылық тұрғын Ерік Жанділдә.
Тәжірибелі психолог Әділ Төребаев елімізде анонимді сенім телефонын іске қосуды ұсынады. Бәлкім, басына бұлт төнген шарасыз жан оған хабарласып, сырын ақтарар. Сөйтіп, арнайы маманның көмегімен тығырықтан шығудың амалы қарастырылады. Психолог лудомания дертінен 1 мен 5 ай аралығында айығуға үміт барын айтты. Әркімге жеке ем тағайындалады. Көп жағдайда оңалту шаралары сәтті жүріп, нәтижесінде адам құмар ойынға ақша салуын доғарады.
"Мемлекет қолға алып жатқан барлық шаралар, белгілі бір мерзімге шектеу, жарнамаға тыйым салу, соның барлығы бізге керек. Біраз уақыт өткен соң тиімділігін бағалай аламыз. Лудомания – ұзақ әрі кешенді емдеуді талап ететін күрделі ауру. Дертке шалдыққан адамды оңалту үшін отбасымен бірге жұмыс істеу керек. Тәуелділіктен міндетті түрде күресу қажет", - деді психолог Әділ Төребаев.
Букмекерлік кеңсе, онлайн казиноға бәс тігуді өз-өзін шектегендердің тізімі жалпыға жария болмайды. Оны құзырлы министрлік өкілдері ғана бақылайды. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар келуші жайындағы мәліметті жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы базадан тексереді. Ал қызмет түрін қолданам деушілер eGov mobile қосымшасын жүктесе жеткілікті. Электрон цифрлық қолтаңба арқылы "спорт" бөліміне кіріп, тиісті шектеу мерзімін таңдау керек. Оны ойыншының өзі ғана рәсімдеуге құқылы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек